Аса ірі көлемде қаражат жымқырды деп айыпталып отырған Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі Ерік Өтембаев әлі де сыртқы істер министрлігінің қызметкері. Бұл туралы бүгін сыртқы саяси ведомство баспасөз қызметінің жетекшісі Айбек Смадияров мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оның айтуынша, қазақстандық дипломат қызметінен тек уақытша шеттетілген. Қазір күдікті Астанада.
"Қазақстанның барлық төтенше және өкілетті елшісі Президент жарлығымен ғанабосатылады. Қазір тергеу жүріп жатыр. Тергеу мүддесіне сәйкес істің егжей-тегжейін айта алмаймын", — деді Смадияров.
Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі міндетін уақытша елшіліктің кеңесші-уәкілі атқарып жатыр.
Еске сала кетсек, былтыр қазан айында мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қазақстандық дипломат Ерік Өтембаевтың аса ірі көлемде бюджет қаржысын жымқырды деген күдікке ілінгенін хабарлады.
Ташкентте елші қызметін атқарған 52 жастағы дипломат Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігі әкімшілік ғимаратының құрылысы бойынша атқарылған жұмыстардың жалған актілеріне қол қойғаны анықталды. Оның заңға қайшы әрекеті салдарынан мемлекет бюджетіне 140 миллион теңге (400 мың доллардай) шығын келген.