АҚШ коронавирус жұқтырғандар саны бойынша әлемде бірінші орынға шықты. Worldometer сайтының дерегінше, 26 наурызда АҚШ-та науқастар саны 82 мыңнан асқан. Эпидемия басталған уақыттан бері мұнда 1177 адам коронавирустан қайтыс болған (Қытайда - 3287 адам). Бейсенбі күні бір күнде 10 мыңнан астам адамға вирус жұққаны белгілі болды. 24 сағат ішінде 150 адам көз жұмған.
АҚШ президенті Дональд Трамптың айтуынша, елдің коронавирус жұқтыру оқиғалары бойынша бірінші орынға шығуы адамдарға тестілеудің жаппай өткізілуімен байланысты. Індет жұқтыру оқиғалары Американың барлық 50 штатында тіркелген
Әсіресе Нью-Йоркте жағдай ауыр. Мұнда 37 мыңнан астам адамға вирус жұққан. Бұдан нашар статистика тек Италияда ғана.
Нью-Йорк губернаторы Эндрю Куомо вирус жұқтырғандар саны көп болғандықтан ауруханалар, медициналық мекемелер толып кетуі мүмкін деп мәлімдеді. Жағдайы ауыр науқастарға қолданылатын өкпені жасанды түрде желдететін аппарат жетпей қалуы ықтимал. Нью-Йорк және АҚШ-тың өзге штаттарында карантин жарияланды.
Конгрестің өкілдер палатасы 27 наурызда пандемия жағдайында экономика мен азаматтарды қолдау туралы заң жобасын мақұлдайды. Пакет құны 2 трлн доллар деп айтылады.
АҚШ-та коронавирус індеті өршігеннен кейін жұмыссыз адамдардың саны артып, рекордты 3,3 миллионға жетті.
Өткен жылдың соңында Қытайда алғаш рет тіркелгелі бері әлемде коронавирус жұқтырғандар жарты миллионға жуықтап қалды. АҚШ-тағы Джон Хопкинс университетінің дерегінше, 27 наурызда әлемде вирус жұқтырғандар 530 мыңнан асты. 24 мыңнан аса адам қаза болып, 120 мыңнан астам науқас дерттен айықты. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Covid-19 коронавирусын "пандемия" деп жариялаған.