АҚШ федералдық сауда комиссиясы әлеуметтік желі қолданушыларының жеке мәліметтері тарап кеткені туралы ақпараттан соң, Facebook-ке қатысты тергеу жүргізе бастады. Бұл туралы аталған мекеменің сайтында хабарланды.
Комиссия әлеуметтік желі басшылығы қолданушылардың жеке мәліметтерін қалай сақтап отырғанын тексереді.
Биыл наурыз айының басында журналистер британиялық Cambridge Analytica сараптама компаниясын Facebook қолданушыларының жеке мәліметтерін Дональд Трамп сайлау науқаны кезінде пайдаланғаны үшін сынаған. Channel 1 телеарнасының зерттеуі бойынша, сараптама компаниясы әлем бойынша 200-ге жуық сайлау науқанына қатысқан. Олардың арасында Нигерия, Кения, Чехия, Үндістан және Аргентина бар. Зерттеуде компания үміткерлер туралы жалған мәлімет таратумен де айналысқан делінеді.
Facebook-тің негізін қалаушы әрі басшысы Марк Цукерберг Cambridge Analytica сарапта компаниясының жеке мәліметтерді заңсыз алуы туралы мәлімдеме таратты. Ол өзінің компаниясы қолданушылардың мәліметі үшін жауапты екенін мойындаған.