17 қаң, 2018 сағат 10:06

АҚШ-тың Қазақстандағы Елшісі: Вашингтонға келіп қарным ашып жүр

АҚШ Қазақстанның экологиялық таза ауыл шаруашылығы өнімдеріне қызығушылық танытады. Бұл туралы бүгін Вашингтонда АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Джордж Крол айтты, деп хабарлайды ҚазАқпараттың арнаулы тілшісі.

«Бізге сіздердің экологиялық таза ауыл шаруашылығы өнімдеріңіз бен технологияларыңыз қажет. Вашингтонға келгелі еш жерден қымыз, шұбат таба алмадым. Мен бұл жерде аш жүрмін. Жылқының еті де жоқ», - деді Джордж Крол Қазақстан Президенті АҚШ-тың іскерлік топ өкілдерімен кездесуінен кейін қазақстандық БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.  

Ал АҚШ Мемлекеттік хатшысының Ауғанстан және Орталық Азия жөніндегі көмекшісінің орынбасары Генри Эншер Американың ауыл шаруашылығы саласы өте жоғары деңгейде дамығандығын, Қазақстанмен агроөнеркәсіп кешені технологияларымен және жетістіктерімен бөлісе алатындықтарын айтты.

«Америкалық компаниялар Қазақстанға ауыл шаруашылығы өнімдерін тек қана өндіріп қана қоймай оны қайта өңдеуге де көмек бере алады. Сол арқылы өнімге қосылған құнын арттыруды да  қамтамасыз ететін болады», - деді Генри Эншер.