25 қар, 2020 сағат 09:36

АҚШ-тағы биліктің ауысуы: Байден барлау қызметінің есебін алады

Ақ үй президент сайлауында жеңген Джо Байденге күн сайын президентке тапсырылатын барлау қызметінің құпия есебін тапсыруды мақұлдады. Мұндай есепте әдетте ұлттық қауіпсіздік жайлы ақпарат болады. Есепке қол жеткізу - президент әкімшілігінің ауысу кезеңіндегі ең маңызды қадамдардың бірі. 

Бір күн бұрын Трамп әкімшілігі билікті өткізу процесін ресми түрде бастауға келісімін берген.

24 қарашада Уилмингтонде (Делавэр штаты) Байден журналистерге берген сұхбатында есептің әлі түспегенін айтты. Кейінірек NBC арнасына "ертеңнен қалмай түседі" деген. 

Осыған дейін Ақ үй Байденге барлау қызметінің есебін алуға рұқсат бермей келген болатын және оның командасы ресми тұлғалармен байланыс орнату мүмкіндігінен де айырылған еді. Тек 23 қарашада жалпы қызмет әкімшілігінің жетекшісі билік транзитін бастауға болады деп мәлімдегеннен кейін жағдай өзгерген.

24 қарашада Байден дипломатия және қауіпсіздік саласындағы негізгі кандидаттарды таныстырды. Байден Аврил Хейнсті – ұлттық барлау қызметінің директоры, Алехандро Майоркасты - ішкі қауіпсіздік министрі, Линда Томас-Гринфилдті – АҚШ-тың БҰҰ-дағы елшісі, Джейк Салливанды ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесші етуді жоспарлап отыр.

Байден командасымен жұмыс істеуге әзір екенін білдіріп "Америка қайта оралды, әлемнен сырт айналмай, оған жетекшілік етуге дайын" деді.