АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Джо Байден Ақ үй жетекшісі Дональд Трамп әкімшілігінің қажетті дәрежеде әріптестік орнатпай отырғанын мәлімдеді.
20 қаңтарда президент қызметіне ресми түрде кірісетін Байден билік транзитіне қажет ақпаратты жинақтау кезінде қорғаныс министрлігі мен әкімшілік-бюджет басқармасы шенеуніктерінің кедергісіне тап болғанын айтты.
"Дәл қазір өкілетін жақын арада аяқтайтын әкімшіліктен қауіпсіздік бойынша маңызды ақпаратты ала алмай отырмыз. Мұны - жауапсыздық деуден басқаша атау мүмкін емес" деді Джо Байден.
28 желтоқсанда Уилмингтон қаласында (Делавэр штатында) сөйлеген сөзінде демократ-саясаткер әлемдегі Америка әскерінің жағдайы мен қорғаныс және өзге де ведомстволардың шығыны жайлы ақпаратпен танысып шыққысы келгенін айтқан.
Байден мәлімдемесінен бұрын вице-президент қызметіне таңдалған Камала Харрис өз командасымен жиналыс өткізген еді. Жаңа сайланған президент командасы Дональд Трамп тұсында мемлекет үшін ең маңызды сала - қауіпсіздік қызметіне "орасан зор шығын келді" деген қорытындыға келген.
Ал 3 қараша күнгі сайлаудан кейін Трамп жарлығымен Пентагон жетекшісі етіп тағайындалған Крис Миллер дүйсенбі күні мәлімдеме таратып, ведомствоның Байден командасына қажет құжаттардың барлығын беріп отырғанын айтты.
Желтоқсан айының ортасында сайлаушылар алқасы Джо Байденнің президент сайлауында жеңіске жеткенін растаған. Ол сайлаушылар алқасының 306 дауысын алған, ал Трампта 232 дауыс бар.
Дональд Трамп Байденнің жеңісін мойындаған жоқ. Ол сайлау нәтижесі бұрмаланды деп есептейді. Бірақ сөзіне ешқандай айғақ келтірмеді. Сайлау нәтижесі 6 қаңтарда конгресс палаталарының бірлескен отырысында ресми расталуы тиіс.