30 қыр, 2020 сағат 09:38

АҚШ-та "қолданушылар дерегін ұрлады" деп айыпталған Ресей азаматы 7 жылға сотталды

АҚШ соты LinkedIn, DropBox сервисі мен бірқатар интернет компания қосымшалары қолданушыларының деректерін ұрлады деп айыпталған Ресей азаматы Евгений Никулинді жеті жыл төрт айға бас бостандығынан айырды.

Федералдық сот үкімі 29 қыркүйекте Сан-Франциско қаласында оқылды.

"Менің ойымша, сіз керемет ақылды жігітсіз. Компьютерлерді бұзғанша талантыңызды заңды кәсіпке жұмсап, өмірде жақсы бір нәрсе қалдыруға шақырамын" деді судья Уильям Алсуп Никулинге.

Судьяның сөзіне қарағанда сот үкімін күтіп, төрт жыл қамауда болған Никулинге берілген жазада сол кезең де ескерілген. Судья сонымен бірге сотталушының Ресейде кәмелетке толмаған кішкентай баласы және қартайған анасы қалғанын да ескерген. Никулин адвокаты Валерий Нечайдың айтуынша, соңғы бірнеше жылда сотталушының анасы бірнеше операцияны, үш инсультті бастан кешірген.

Шілде айында сот алқасы Никулиннің 2012 жылы LinkedIn, Formspring және Dropbox сервисін пайдаланатын 112 миллион қолданушының дерегін ұрлағаны дәлелденді деп қорытынды жасаған. Оның процесі шамамен 4 жылға созылды.

Никулин Интерпол өтініші бойынша 2016 жылы қазан айында Прагада ұсталған. Оны Ресей де қайтаруды сұраған. Ол Чехиядан саяси баспана сұраған. 2018 жылы сәуір айында АҚШ-қа экстрадицияланған. Кейінірек Чехияның конституциялық соты экстрадициялау жайлы шешімді заңсыз деп тапқан.