21 шіл, 2025 сағат 12:51

АҚШ-та қазақ тілінде жаңалық тарататын журналист: «Қазақтың үнін алыста да естірткім келеді»

Фото: Динара Идаялованың жеке мұрағатынан

Қазақ тілді контенттің шетелдегі үлесі күн санап өсіп келеді. Соның жарқын мысалы – АҚШ-та тұратын журналист және медиа-кәсіпкер Динара Идаялова, ол қазақ тілінде жаңалық тарататын ақпараттық портал мен радио арнасының негізін қалаған, деп хабарлайды Ult.kz.

Динара АҚШ-тағы «Qazaq Vibes» радиосының негізін қалаушы және жүргізушісі. Сонымен қатар ол Instagram желісінде АҚШ жаңалықтарын қазақ тілінде ұсынатын медиа-порталды жүргізеді. Бұл бастамалар – қазақ тілін, мәдениетін және ұлттық болмысты сақтау мақсатында жасалған маңызды қадамдар.


«Тіл – ұлттың жаны»


Ол жасаған контенттердің 90%  тек қазақ тілінде ұсынылады. Бұл – Америкаға қоныс аударған қазақтар үшін өте маңызды, өйткені олар ана тілін ұмытпай, балаларымен қазақша сөйлесіп, мәдени байланысын үзбеуге тырысады. Қазақ тіліндегі жаңалықтар, мәдени бағдарламалар мен білім беру мазмұны – АҚШ-тағы қазақтарға рухани демеу болуда.

«Америкада жүрген қандастарымыздың көбі ағылшын тілін толық меңгермеген. Сол себепті, мен АҚШ жаңалықтарын қарапайым қазақ тілінде түсінікті етіп жеткізуге тырысамын. Бұл – олардың елде болып жатқан оқиғалардан хабардар болып отыруына көмектеседі», – дейді ол.


Qazaq Vibes бұл қазақ тілінде еркін сөйлейтін, әлемде не болып жатқанын қазақи көзқараспен талқылайтын жаңа кеңістік,” — дейді автор.


Әйелдерге арналған шеберлік сағаты – «Камерадан қорықпа»


Динара тек ақпарат таратумен ғана шектелмейді. Ол әйелдерге арналған ерекше шеберлік сағатын ұйымдастырады – «Камерадан қорықпа» деп аталатын бұл тренинг медиа саласында өз ойын еркін жеткізуге ұмтылған әйелдерге арналған.

Бұл бастама иммигрант әйелдерге өз даусын табуға, өз-өзіне сенімді болуға және көпшілік алдында сөйлеу шеберлігін меңгеруге мүмкіндік береді. Тренинг барысында қатысушылар камера алдында сөйлеуді үйреніп, өз жобаларын бастауға мотивация алады.


АҚШ-тағы мақсат – мәдени көптүрлілікке үлес қосу


Динара АҚШ-тағы жұмысының мақсаты – тек контент жасау емес, сонымен қатар тіл мен мәдениетті сақтау арқылы ұлттың рухын сақтау, әйелдердің көшбасшылық қабілетін арттыру және иммигранттарды біріктіру.


«Менің арманым – Америкада да қазақ тілі мен мәдениетін сақтап қалу. Бұл жерде өсіп келе жатқан жас ұрпақ үшін ана тілінің қадірін түсіндіру – үлкен миссия», – дейді ол. Мақсат – қазақ тілін шетелде тірі ұстау ғана емес, оны заманауи құралдар арқылы дамытып, келесі ұрпаққа жеткізу. Америкада жүрсем де, қазақ болып қалғым келеді, әрі басқаларға да осыны ұмытпауға көмектескім келеді», – дейді журналист.