30 қаң, 2019 сағат 17:52

АҚШ-та 53 градус аяз болуы мүмкін

Осы аптада АҚШ-та күн күрт суытты. Метеорологтардың айтуынша, «поляр құйыны» жылжып келе жатқандықтан, кей жерлерде ауа температурасы минус 53 градусқа дейін төмендеуі мүмкін, деп хабарлайды ВВС.

Айова штатының билігі жергілікті тұрғындарды көшеде сөйлеспеуге, терең тыныс алмауға шақырып жатыр.

Елдің солтүстік-батысындағы Висконсин, Мичиган және Иллинойс штаттарында, артынша тіпті оңтүстікке қарай орналасқан Алабама және Миссисипи штаттарында да төтенше жағдай жарияланды.

Метеорологтар қатты аязда небәрі 10 минут тұрған адамды үсік шалуы мүмкін деп ескертуде.

Аяздың нағыз қаһары сейсенбіден бейсенбіге дейінгі аралыққа тура келеді. Бұл күндері Чикагода күн Антарктидадан да суық болмақ.

Болжамдарға қарағанда, Чикагода ауа температурасы -33 градусқа дейін төмендеп, ұйтқыған желдің екпінімен минус 46 градустай сезіледі.

Синоптиктер Висконсин, Иллинойс, Алабама және Джорджия штаттарында қар молынан жауатынын болжап отыр.