Сирияға алғашқы соққылар Дамаск уақыты бойынша таңғы төрттер шамасында, АҚШ-та президент сөз сөйлеп тұрған сәтте берілген. Бұл жайлы ВВС хабарлайды.
АҚШ президенті Дональд Трамптың бұйрығымен Сирияға әуеден зымыранмен соққы жасады. Трамптың бұл шешімі Дума қаласындағы химиялық шабуылға жауап ретінде қабылданғанын бұдан бұрын хабарлаған болатынбыз.
Франс Пресс агенттігі және ВВС хабарларына қарағанда, соққы Дамаскідегі бірнеше тұрғын үй орамдарына бағытталған. Оның ішінде ғылыми зертхана орналасқан Барзех та бар. Бұдан тыс, бірнеше әскери нысандар да зымыран нысанасына айналған.
Трамптың сөзіне қарағанда, Сирияны зымыранмен атқылау Ресейдің химиялық қаруды пайдалануын тоқтатудың мүмкіндігі болмағандығының салдары.
Алғашқы соққылар Дамаск уақыты бойынша таңғы төрттер шамасында, АҚШ-та президент сөз сөйлеп тұрған сәтте берілген.
АҚШ, Франция және Ұлыбритания Сирия президенті Башар Асадты химиялық қаруды пайдаланды деп айыптап отыр, ал Басадтың өзі Дума қаласында химиялық қарудың қолданылғанын жоққа шығарумен келеді.
Сириядағы үкімет нысандарына қарсы соққы беру туралы АҚШ президенті Дональд Трамптың мәлімдемесінен соң іле-шала Франция президенті Эммануэль Макрон мен Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэй өз ұстанымдарын білдірді.
"Қызыл сызықтан асып кетті. Біз химиялық қару қолдануына шыдам танытып отыра алмаймыз", - деген Макрон.
Ұлыбритания премьер-министрі Сирияға қарсы "шектеулі және мақсатты" соққы берілгені туралы айтқан. Ол әуе шабуылы Сирия режимінің химиялық қару қолдану мүмкіндігін азайту үшін жасалды дейді.
"Әңгіме азамат соғысына араласуда немесе режимді ауыстыруға байланысты емес", - деген Мэй. Оның сөзінше, бұл жолғы әуе соққылары "химиялық қаруды қолданып жазасыз қалуға болады деп санайтындардың барлығына берілген айқан белгі" болмақ.
"Біз химиялық қаруды Сирияда, Біріккен Корольдік көшелерінде немесе әлемнің тағы басқа жерінде қолдануға жол бере алмаймыз", - деп мәлімдеген Тереза Мэй.
Ал, Ресейдің Вашингтондағы елшісі Анатолий Антонов АҚШ пен одақтастарының Сирияға қарсы шабуылын қатты сынға алды. "Ең жаман қауіп-қатер расқа айналды. Біздің ескертуімізге құлақ аспады... Бізге тағы дөң-айбат жасап жатыр. Біз мұндай іс-әрекеттер салдарсыз қалмайды деп ескерткенбіз. Бұлар үшін барлық жауапкершілік – Вашингтон, Лондон мен Парижге жүктеледі", - деп мәлімдеген Антонов.
Ресей елшісі қазіргі уақытта АҚШ-тың қолында жаппай қырып-жою қарудың үлкен қоры бар екенін айтқан.
"Әлемдегі ең ірі химиялық қаруды өндіріп отырған АҚШ-тың өзге мемлекеттерді айыптауға моральдық құқығы жоқ", - делінген ресейлік дипломаттың мәлімдемесінде.
Осыдан бір жыл бұрын Сирия үкіметтік әскері базасына Жерорта теңізінде АҚШ ӘТК кемесінен шыққан «Томагавк» қанатты зымыранымен соққы бағытталған. Сол соққы да АҚШ-тың Сирия үкіметтік әскері мен президент Башар Асад айыпталған Идлиб провинциясына жасалған химиялық шабуылға жауап ретінде берілген-тін. Онда 80 адам шабуыл құрбанына айналған еді.