31 шіл, 2020 сағат 17:21

АҚШ Шыңжаңдағы жағдайға байланысты Қытайдың бір мекемесіне және екі азаматына санкция салды

АҚШ Шыңжаңдағы ұйғыр және қазақ секілді байырғы этникалық топтардың "құқығын өрескел бұзуға" қатысы бар деген айыппен Қытайдың үкіметтік құрылымына және екі шенеунігіне санкция салды.

Санкция Шыңжаң өндіріс және құрылыс корпусына (ХРСС) салынды. АҚШ қаржы министрлігі бұл кәсіпорынды "Қытай коммунистік партиясына бағынатын... әскериленген мекеме" деп атап, оны "өлкедегі ішкі бақылауды күшейтіп, экономикалық дамудың қытайлық нұсқасы енгізуге үлес қосқан" деп айыптады.

АҚШ-тың санкциясына сондай-ақ партия қайраткері әрі XPCC жетекшісі Пэн Цзяжуй мен XPCC-дің бұрынғы саяси комиссары Сунь Цзиньлун де ілінді.

Санкция ілінгендердің Америкадағы мүлкі бұғатталады, ал америкалықтарға олармен бизнес жүргізуге тыйым салынады.

Осы күндері АҚШ пен Қытай бір-біріне қырғи-қабақ шырай танытып келеді. АҚШ Қытайды Шыңжаңдағы діні ислам этникалық топтардың құқықтарын өрескел бұзды деп айыптап, қысым көрсету шараларын қабылдай бастады.

Қытай билігі Шыңжаңдағы миллионнан аса ұйғыр мен қазақ секілді діні ислам этникалық топтардың өкілдерін "саяси қайта тәрбиелеу лагерьлеріне" қамап, азаптап, тілі мен дәстүрінен бас тартуға мәжбүрлеп жатыр деп айыпталып отыр. Қытай мұның бәрін жоққа шығарып, айыпты ішкі ісіне араласу деп бағалады.

Азаттық