АҚШ сенаты бұрынғы президент Дональд Трампқа импичмент жариялау бойынша тергеуді 8 ақпаннан басталатын аптада қайта қолға алмақ. Конгресмендер Трампты 6 қаңтарда Вашингтондағы Капитолий ғимаратына ашулы жұртты айдап салып, "бүлікке шақырды" деп айыптайды.
Сенаттағы демократтар басшысы Чак Шумер Республикалық партиядан сайланған сенаторлармен ақылдасқан соң осы кестені жариялады.
АҚШ конгресінің төменгі палатасының спикері Нэнси Пелоси Дональд Трампқа импичмент жариялау туралы қарар жобасын 25 қаңтарда жоғарғы палата – сенатқа жолдамақ. Сол күннің ертесінде бастапқы импичмент процедурасы басталуы тиіс.
"Тыңдау АҚШ сенатында жүреді, президентті айыптау мәселесі дауыс беру арқылы шешіледі" деді сенатта сөз сөйлеген Шумер.
Трамп – АҚШ тарихында екі рет импичмент жарияланған және биліктен кеткен соң да импичмент дауы жалғасып жатқан алғашқы президент. Дональд Трамп биліктегі мерзімі аяқталған 20 қаңтарда келесі президент Джо Байденнің инаугурация рәсіміне қатысудан бас тартып, Флоридаға кетіп қалған.
6 қаңтарда Трамптың жақтастары АҚШ конгресі орналасқан Капитолий ғимаратына басып кіріп, соның кесірінен бес кісі қаза тапқан. Қаза тапқандардың бірі – полиция қызметкері.
Дональд Трамп былтыр 3 қарашада өткен президент сайлауында Джо Байденнен жеңілген. Алайда ол "дауыстар ұрланды" деп көп мәрте негізсіз мәлімдеме жасап, жақтастарын "әділдік үшін күреске" шақырып келген.
АҚШ Конгресінің өкілдер палатасы Дональд Трампқа импичмент жариялау туралы қарарды өткен аптада қабылдаған. "Президент халықты бүлікке шақырды" деп айыптаған құжатты палатаның 232 мүшесі қолдаса, 197 конгрессмен қарсы дауыс берген.
Өкілдер палатасындағы демократтар Байденнің президенттік мерзімі басталған соң сенаттағы процесті тездетуді қалайтынын айтты. Ал республикалықтар экс-президенттің дайындалуына уақыт беру үшін істі ақпанның соңына жылжыту керек деп санаған.
Оның үстіне олар алдымен Байден кабинетіне ұсынылған кандидаттарды бекітіп, коронавирус пандемиясы кезінде экономикалық көмек ұсынатын басқа да маңызды заң жобаларына басымдық беру керек деген.
Трампқа ресми түрде айып тағу үшін Республикалық партиядан сайланған кемінде 17 сенатор импичментті қолдауы керек. Сарапшылар бұл мүмкін емес деп санайды.
Сол күні республикашыл сенаторлардың көбі Трамптың әрекетін сынға алғанымен, оған ресми айып таққысы келетін адам өте аз. Себебі Республикалық партия мүшелерінің арасында Дональд Трамптың рейтингі әлі де жоғары. Сонымен бірге олар бұл тергеу елді екіге жарады деп санайды әрі биліктен кеткен президентке импичмент жариялаудың қисыны жоқтығын айтады.
Трамп кеңесшісінің мәліметі бойынша, экс-президент импичментке қатысты тыңдауда өз атынан өкілдік етуі үшін Джордж Буш әкімшілігінде қызмет еткен Батч Бауэрс есімді заңгерді жалдаған.