АҚШ Қаржы министрлігі Ресей президенті Владимир Путинмен жақын байланыс орнатқан, болашақта АҚШ санкциясына ілігуі әбден мүмкін делінген ресейліктердің тізімін жариялады. Associated Press агенттігінің хабарлауынша, «Кремль есебі» деп аталатын тізімде Ресей билігінің жоғары шенді 114 саяси өкілі мен 96 олигарх бар, деп жазады Азаттық.
Президент Дональд Трамп әкімшілігі осылайша Конгрестің Ресейді 2016 жылы елдегі президент сайлауына киліккені үшін жазалау талабын жартылай болса да орындады. Бірақ Ақ үй Мәскеудің "АҚШ сайлауына киліккені үшін" әзірге тізімдегілердің ешқайсысына санкция салынбайтынын мәлімдеді. Америкалық кейбір конгресмендер президент Дональд Трамп Конгресс санкция салмақ болған кейбір ресейліктерге шектеу қоймай, «президент Ресейге қатысты тым жұмсақ саясат ұстанып отырған жоқ па?» деген күдікті күшейте түскенін айтады.
Тізім Путиннің билігіне болысып, одан пайда көреді делінген саяси элита өкілдерін әшкерелеу мақсатында жасалып отыр. Бұл тізімге ілінгендерге АҚШ санкциясы салынбағанымен, тізімде бұған дейін де санкция салынған ресейліктер бар.
«Путиннің тізімі» деп аталған бейресми тізімге Ресей үкіметінің мүшелері, оның ішінде премьер-министр Дмитрий Медведев, Путиннің 42 көмекшісі, Федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ) мен Бас барлау басқармасының (ГРУ) басшылары іліккен. Олигархтар мен бизнесмендерден тізімге іліккендер қатарында Алишер Усманов, Роман Абрамович, Сулейман Керимов және "Касперский лабораториясы" компаниясын құрған Евгений Касперский тұр.