04 ақп, 2022 сағат 09:55

АҚШ президенті Сирияда ДАИШ жетекшісінің көзі жойылғанын мәлімдеді

АҚШ президенті Джо Байден, вице-президент Камала Харрис және олардың командасы.

АҚШ президенті Джо Байден ДАИШ ("Ислам мемлекеті") террористік тобының жетекшісі Ибрагим әл-Хашими әл-Кураши Сириядағы арнайы операция кезінде өлгенін мәлімдеді. 

Байден 3 ақпанда жасаған мәлімдемесінде, операция Сирияның солтүстік-батысында жүргізілгенін және оған қатысқан Америка әскері еліне қайтқанын атап өтті.

Осыған дейін Пентагон рейд жүргізілгенін хабарлаған. Associated press агенттігі оқиғаның куәгерлеріне сілтеме жасап, екі сағатқа созылған операция кезінде 13 адам, оның ішінде алты бала, төрт әйел қаза болғанын жазды.

"Ислам мемлекеті" экстремистік тобы Сириядағы азаматтық соғыстан және Ирактағы тұрақсыз жағдайдан кейін бас көтерген. 2013-2014 жылдардан бері Ирак пен Сирияның бірқатар аймақтарын басып алып, "халифат" құратынын жариялаған. Бұл топ жантүршігерлік түрлі қылмыстарға барып, мыңдаған адамдардың өліміне себепкер болды.

Кейін "Ислам мемлекеті" тобының негізгі позициялары талқандалып, содырлар Ирак және Сирияның көп аймақтарынан шығарылған. Бұл радикал топтың тармақтары Таяу Шығыста және Ауғанстанда әлі белсенді деп хабарланып келеді.