11 қаң, 2021 сағат 18:58

АҚШ Өкілдер палатасы Трампқа импичмент резолюциясының мәтінін жариялады

АҚШ конгресінің Өкілдер палатасы 11 қаңтарда президент Дональд Трампқа импичмент жариялау туралы резолюцияның мәтінін жариялады. Резолюция бойынша, Трамп "бүлік ұйымдастырмақ болды", "АҚШ пен үкімет институттарының қауіпсіздігіне қатер төндірді" деп айыпталды.

6 қаңтарда Трамптың ашулы жақтастары Капитолийге басып кіріп, оқиғадан бес адам қаза тапқан.

Дональд Трамптың президенттік мандаты 20 қаңтарда аяқталады. Осы күні жаңа сайланған президент Джо Байденнің инаугурациясы өтеді.

13-14 қаңтарда резолюция құжаты талқыланып, кейін Өкілдер палатасы импичментке дауыс беруі тиіс. Өкілдер палатасы импичментті жақтап дауыс берсе, кейін оны сенат қарайды. Егер сенат Трампқа импичментті қолдаса, ол президент сайлауына түсе алмайды.

6 қаңтарда, Конгрестің президент сайлауының дауыс беру нәтижесін мақұлдау отырысы алдында, Трамп Ақ үй жанында өз жақтастарына қайырылып, "біз ешқашан берілмейміз, ешқашан жеңілмейміз" деген еді.

Трамптың осы сөзінен кейін оның ашулы жақтастары 1,6 шақырым жерде орналасқан Капитолийге барып, басып кірді. Олар Конгрестің сайлау нәтижесін рәсімдеу процесіне кедергі келтірді. Саясаткерлер жиын өтетін залды тастап кетуге мәжбүр болды. Конгресс жұмысын Вашингтонда коменданттық сағат енген соң жалғастырып, кейін Байденнің жеңісін мақұлдады.

9 қарашадағы сайлауда Байден сайлаушылар алқасының 306 дауысын, Дональд Трамп 270 дауысын алған. Кейін Трамп сайлау нәтижесімен келіспейтінін айтып, сотқа шағым түсірген. Сот оның 50 арызын қанағаттандырмай тастады.

Азаттық