АҚШ мемлекеттік хатшысының орынбасары Стивен Биган.
АҚШ "жақын күндері" Беларусь президенті Александр Лукашенконың маңайындағы адамдарға санкция енгізеді және бұдан басқа да санкция шараларын қабылдауы мүмкін. Бұл туралы 11 қыркүйекте АҚШ мемлекеттік хатшысының орынбасары Стивен Биган мәлімдеді. Ол АҚШ-тың Лукашенконы Беларусьтің "заңды сайланған президенті емес" деп санайтынын растады. Вашингтон Беларусьте 9 тамызда өткен президент сайлауы еркін, әділ болған жоқ дейді. Бұған қоса АҚШ Беларусь билігінің наразылық шеруіне шыққан бейбіт азаматтар мен оппозиция өкілдеріне күш қолдануын қатаң айыптайды.
Биган Беларуське нақты қандай санкция салынатынын ашып айтпады, бірақ АҚШ ол туралы Еуропа одағындағы әріптестерімен кеңесіп жатқанын жеткізді. Бұған дейін Беларуське қарсы Еуропа одағы дайындаған санкция Кипрдің ұстанымына бола күшіне енген жоқ. Кипр Жерорта теңізіндегі қайраңның даулы аумағында бұрғылау жұмыстарын жүргізіп жатқан жеті түрік компаниясына шектеу қоймайынша, Еуроодақтың Минскіге санкция салу туралы ортақ шешімін қолдаудан бас тартқан.
АҚШ бұған дейін Лукашенко мен Беларусьтің өзге де жоғары лауазымды шенеуніктері – жиынтығы 17 адамға санкция салған. Еуропа одағының санкция тізімінде Лукашенко жоқ.
Биган АҚШ-тың Беларусьте әділ, таза президент сайлауы қайта өтуі тиіс деп санайтынын тағы да қайталады. Бұған қоса ол Ресейдің Лукашенко режиміне қолдау танытуын түсіну қиын екенін айтты.
"Егер Кремль мұндай саясатын жалғастыра беретін болса, онда Мәскеу Ресейге еш өкпесі жоқ беларусь халқының қарсылығына тап болуы мүмкін", – деді Биган.
АҚШ мемлекеттік хатшысының орынбасары Ресей президенті Владимир Путинді 14 қыркүйекте Мәскеуде Лукашенкомен кездескен кезде саяси тұтқындарды босату, Беларусьтегі наразылық шеруіне қатысушыларға күш қолдануды доғару мәселелерін қозғауға үндеді.
Лукашенконы алтыншы мәрте ел президенті болып сайланды деген сайлаудың ресми қорытындысымен келіспеген халық наразылығы 9 тамыздан бері жалғасып жатқан Беларусьтегі ахуал "Вышеград төрттігі" елдері басшыларының Люблинде өткен кездесуінде де талқыланған. Бұл төрттікке Польша, Чехия, Словакия мен Венгрия кіреді. Төрт елдің басшылары Еуропа одағы саммитіне, Польша премьер-министрі Матеуш Моравецкий айтқандай, "беларус халқын қолдау" шараларын ұсыну туралы ұйғарымға келген. Осы шаралардың арасында Беларусь азаматтарына Еуроодақ аумағына визасыз келуге рұқсат беру жайлы ұсыныс та бар.
Чехия премьер-министрі Андрей Бабиш Беларусьте жаңа президент сайлауы өтуі керек деп мәлімдеген. Сонымен бірге ол "төрттік" саммиті аясында Беларусь президенттігіне бұрынғы кандидат Светлана Тихановскаямен кездесу туралы Польшаның ұсынысынан бас тартқан деп жазады поляк пен чех басылымдары. Жақтастары 9 тамызда өткен сайлауда Тихановская көп дауыс алды деп санайды. Бабиш "асығыс қадамға" барғысы келмейтінін айтқан. , Польша премьер-министрі Моравецкий 9 қыркүйекте Варшавада Тихановскаямен кездескен, ал Литва парламенті (сейм) Тихановскаяны "беларус халқының сайланған жетекшісі" деп атаған.