АҚШ қорғаныс министрі Марк Эспер ұлттық гвардия сарбаздарының афроамерикалық Джордж Флойдтың өлімінен кейін болған наразылық кезіндегі әрекетін тексеруді тапсырды.
Қорғаныс министрлігінің ресми хабарламасындағы ақпаратқа сәйкес, Эспер 11 маусымда "азаматтық толқу кезінде құқық қорғау органдарына көмектескен ұлттық гвардияның қимылы" зерттеледі деп мәлімдеген. 25 мамырда афроамерикалық Джордж Флойдтың полицей қолынан қаза табуынан кейін басталған нәсілшілдікке қарсы наразылықты басу кезіндегі ұлттық гвардияның әрекетіне байланысты түрлі сын айтылған.
Ұлттық гвардияның әсіресе, 1 маусымда Ақ үй маңындағы Лафайет алаңынан адамдарды тықсырғаны өткір сынға ұшыраған. Бұл күні президент Дональд Трамп шіркеуге бару үшін алаң аумағынан өтетін болған. Алаңдағы наразыларды тықсыру үшін сарбаздар бұрыш баллондары, түтін құтылар, резеңке оқ пайдаланған.
Сол күні Трамппен бірге шіркеуге барған штаб бастықтарының біріккен комитетінің төрағасы, АҚШ армиясының генералы Марк Милли 11 маусымда президентпен бірге көп алдына шыққанына өкініп, кешірім сұраған. "Мен олай істемеуім керек еді. Топ арасында менің де болғаным әскерилер ішкі саясатқа араласады деген әсер қалдырды" деп мәлімдеген.