АҚШ-тың федералды резерв жүйесі коронавирусқа қарсы күрестен туындаған қауіп-қатерге байланысты ставкасын төмендетті. Бұл жайында кеше Ашық нарықтағы операциялар жөніндегі федералдық комитет мәлім етті, деп хабарлайды ТАСС агенттігі.
«Коронавирус салдары экономикалық жағдайға әсер ете береді және бұл экономикалық перспектива үшін аса қауіпті. Жағдайдың ушығуына байланысты комитет федералды қор бойынша ставканың мақсатты диапазонын 0-0,25% дейін төмендетуді жөн деп тапты» делінген хабарламада.
Комитет экономиканың соңғы оқиғаларға шыдас беріп, жұмыспен қамту және баға тұрақтылығы бойынша максималды деңгейдің мақсатты көрсеткіштеріне қол жеткізуге дайын екеніне сенімді болмайынша осы диапазонды сақтап қалады.
Оның үстіне ФРЖ көлемдік жұмсарту саясатына көшеді. Жүйе 700 млрд долларға қосымша облигациялар сатып алады. Оның 50 млрд доллары – АҚШ қазына қағаздарына тиесілі.