Қазақстан әлемдік аренада көшбасшыға айналды. Бұл туралы бүгін Ақордада ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа сенім грамотасын тапсырғаннан кейін БАҚ өкілдеріне арналған брифингте АҚШ Елшісі Уильям Мозер айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа АҚШ-тың Қазақстандағы Елшісі ретіндегі қызметімнің басталғандығын растайтын сенім грамотасын тапсыру мен үшін үлкен құрмет болды. Осыдан 20 жыл бұрын Алматыдағы Елшілікте жұмыс істеген едім және осы елге қайта оралғаныма қуаныштымын. Менің бірінші және соңғы келген уақытымның аралығында Қазақстан қол жеткізген үлкен табысты зор ризашылықпен атап өткім келеді», - деді ол.
Сонымен қатар, АҚШ Елшісі Қазақстанның жаңа елордасының заманауи келбетіне, сәні мен сәулеті келіскен ғимараттарға тәнті болғандығын да атап өтті.
«Қазақстан айтарлықтай прогреске қол жетізген. Халқының өмір сүру деңгейі айтарлықтай жақсарып, әл-ауқаты арта түскен. Бұған қоса, Қазақстанмен кеңейтілген стратегиялық әріптестігіміздің маңыздылығына жоғары баға береміз. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиясы мен батылдығын жоғары бағалаймыз. Ол Қазақстанды ядролық қаруды таратпау саласындағы көшбасшыға айналдырды. Президенттің бұл міндеттемесі біздің әріптестігіміздің негізі болып қала береді», - деді Уильям Мозер.
Ол Қазақстанның америкалық компаниялар тарапының коммерциялық инвестицияларына ашық екендігін де атап өтті.
Бұл екі елге де пайда әкелетіндігін баса айтты. «Өткен жылдардың ішінде Қазақстан Орталық Азияда, сонымен қатар әлемдік аренада да көшбасшыға айналғанын атап өткім келеді. Қазіргі уақытта Қазақстан көптеген салаларда, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің халықаралық процестерінде маңызды рөлге ие. Сондай-ақ, Қазақстан барлық жанжалдарды бейбіт жолмен шешудің жақтаушысы болды және солай болып қала береді. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа бірнеше ондаған жыл даналықпен елге басшылық жасаған үшін құрметім мен ризашылығымды білдіргім келеді. Ол ең қиын кезеңдердің өзінде Қазақстанды Тәуелсіздікке, егемендікке, гүлденуге бастады. Құрметті Президент Қ.Тоқаевпен бірлеске жұмысымыз жемісті боларына сенім артамын», - деді АҚШ Елшісі.