АҚШ, Ұлыбритания және Австралия Шыңжаңдағы лагерьлерде мұсылман әйелдерді жиі зорлаған деген хабарға алаңдаушылық білдірді.
3 ақпанда британиялық ВВС сайты арнайы зерттеуін көрсетіп, онда Шыңжаңдағы лагерьлерде әйелдерді жиі зорлап, қинағанын мәлімдеді.
ВВС зерттеуінде Шыңжаңдағы лагерьде болып, кейін Қазақстанға келген ұйғыр әйел Тұрсынай Зияудун (қазір АҚШ-та тұрып жатыр) қамауда зорланғанын айтады. Ол лагерьде өзін маска киген еркектер үш рет зорлағанын жеткізеді.
ВВС репортажында Шыңжаңдағы лагерьде 18 ай болған қазақ әйел Гүлзия Әуелхан "қамауда ұйғыр әйелдерді қолын байлап, шешіндіріп, қытай еркектермен бірге қалдырып кетуге мәжбүр болғанын" айтты. Ол бұл әрекетті қысыммен жасағанын мәлімдейді.
4 ақпанда АҚШ мемлекеттік департаменті "Бұл айуандық жауапсыз қалмауы керек" деп мәлімдеме жасады.
Бейсенбі күні Ұлыбритания парламенті де ВВС зерттеуін талқылап, лагерьдегі зорлыққа алаңдаушылық білдірді. Парламент мүшесі Нус Гани "бұл қорқынышты жайт Қытай билігінің Шыңжаңдағы әрекетінің геноцидпен тең екенін көрсетеді" деді. Ал мемлекеттік хатшы Найджел Адамс Ұлыбритания ЕО, АҚШ-пен бірге Қытайға қысымды күшейту мәселесін ақылдасатынын айтты.
Австралия сыртқы істер министрі Мариз Пейн БҰҰ-ны Шыңжаңдағы жағдайға "тез арада" араласуға шақырды.
Пекин 4 ақпанда ВВС зерттеуінде айтылғандарды "жалған ақпарат" деп сипаттады.
БҰҰ есебінше, Қытай билігі Шыңжаңда бір миллионнан астам ұйғыр, қазақ, қырғыз және басқа да мұсылмандарды лагерьге қамаған.
Қытай билігі Шыңжаңдағы адам құқығын бұзу фактілерін ылғи жоққа шығарып, лагерьлерді "кәсіп меңгеру орталығы" деп атайды.
АҚШ осыған дейін Қытайдың Шыңжаңдағы әрекетін "геноцид" деп сипаттаған.
ВВС сайтының жазуынша, былтыр желтоқсанда шетелде тұратын ұйғырлар Халықаралық қылмыстық сотқа шағымданып, Қытайдың әрекетін геноцид әрі адамзатқа қарсы қылмыс деп тануды сұраған. Бірақ Халықаралық қылмыстық сот Қытайдың ісін қарау құзырына кірмейтінін айтқан.