23 қар, 2020 сағат 04:25

АҚШ "Ашық аспан" келісімінен шықты

"Ашық аспан" келісімі аясында әуеде бақылау жасап жүрген америкалық ұшақ.

Жексенбі, 22 қарашада АҚШ "Ашық аспан" жайлы келісімнен шыққанын ресми мәлімдеді. Бұл жайлы хабарлама мемлекеттік департамент сайтында жарияланды.

Алты ай бұрын, 21 мамырда АҚШ 28 жыл бұрын жасалған, бірақ 2002 жылы күшіне енген келісімнен шығатынын мәлімдеген. Бұл келісім бойынша, әр мемлекет өз аумағының үстінен әуе кеңістігі арқылы бақылауға рұқсат береді.

АҚШ келісімнен шығуының себебін Ресейдің құжат шарттарын сақтамауымен байланыстырады. Осыған дейін АҚШ мемлекеттік департаменті Ресейдің Абхазия және Оңтүстік Осетиямен (Ресей оларды тәуелсіз мемлекеттер деп атаса, АҚШ пен көптеген елдер Грузияның аумағы деп санайды) шекарасы маңында әуе кеңістігін бақылауға рұқсат бермегенін айтқан. Бұған қоса, Украинаның аумағы саналатын Қырымда ұшақтарға арналған жанар-жағар май станциясын орналастырғанын хабарлаған.

АҚШ мұндай жоспары барын осыдан бір жыл бұрын мәлімдеген еді: Вашингтон Ресейді Калининград облысына, Грузия шекарасына және ірі әскери жаттығу аймақтарына ұшуға тыйым салды деп айыптады.

Осылайша Ресей шартты бұзғанымен қоймай, АҚШ-тың инфрақұрылымы жайлы ақпарат жинау үшін оны теріс мәнде пайдаланды деген болатын. 

Дональд Трамптың ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесшісі Роберт О'Брайен​ АҚШ қарсыластарға ұлттық қауіпсіздікті пайдаланып, ұтуға мүмкіндік беріп отырған "ескірген" келісімнен шығады деп мәлімдеген.

Ал Ресей СІМ АҚШ шешімін сынаған. Мәскеу "жауап беретінін" айтқан.

Шешімді Вашингтонның НАТО бойынша бірқатар одақтастары мысалы, Германия қолдамай отыр. АҚШ-тың өзінде бірқатар сарапшылар мен саясаткерлер Ресей келісімді бұзса да, АҚШ одан шықпауы тиіс деп есептейді. АҚШ-тағы президент сайлауының жеңімпазы атанған Джо Байден де келісімнен шығуға қарсы болған.

Биыл АҚШ пен Ресей орта және қысқа қашықтықта ұшатын зымырандар туралы келісімшартты тоқтатқан. Стратегиялық шабуылдаушы қарулар (СНВ-1) туралы 2021 жылға дейін күші бар келісім мәселесінде де белгісіздік байқалған. Байден бұл келісімнің мерзімін ұзартуды қолдаған.

Айта кетейік, шартқа 1992 жылы қол қойылды. Шарт бойынша мүше-елдер бір-бірінің аумағын барлауға, әскерлерінің орналасқан жерін және қозғалысын бақылай алады. 

Осы арқылы әскердің қарулануына қойылатын шектеулердің орындалуы бақыланады. Осындай барлаудың нәтижесінде алынған ақпарат келісімнің барлық қатысушысына қолжетімді. 

Осыған байланысты бірнеше күн бұрын Ресей СІМ Шартта қалған елдер Вашингтонмен деректерді бөлісуді тоқтатады және Еуропа елдеріндегі америкалық әскери базалар шарттан тыс қалмайды деп мәлімдеген болатын.