08 там, 2016 сағат 14:43

Ақпараттық қауіпсіздік: бұл соғыс бұрынғыдан өзгерек

Қауіпсіздік мәселесін сөз еткенде біз ең алдымен «соғыс» деген ұғымды көз алдымызға елестетеміз. Автомат асынған әлдебір үрейлі жауынгерлер басып кірердей үрей туады. Шын мәнінде, қазір ондай соғыссыз, бейбіт заман туғандай көрінуі мүмкін. Ешкім бес қаруын асынып, танктерін гүрілдетіп айдап, ұшақтарымен бас-көзсіз бомбалап, шекарамызды бұзып келіп, бас салып  жатқан жоқ.

Бірақ, бұл жау-жардан мүлде аулақпыз деген сөз емес. «Жау жоқ деме, жар астында! Бөрі жоқ деме, бөрік астында!» деп ата-бабаларымыз тегін ескертпесе керек. Бүгінгі күні мамыражай тірлік кешіп жатқанымызбен, есесіне мылтықсыз майдан қызып тұр. Қазіргі соғыс бұрынғы соғыстан өзгерек. Бүгінгі әлем оқ атпай отарлайтын ақпараттық соғыс заманы.  

Жаңа дәуірдегі компьютерлік, ақпараттық-желілік «соғыстың» басты ерекшелігі – ол тыл мен майданға бөлінбейді және онда шекара жоқ. Сондықтан, дәстүрлі соғыстарға қарағанда қаржы аз жұмсалғанымен қаупі мен зардабы ұшан-теңіз. Себебі, бұл соғыста адам баласы көпе-көрінеу оққа ұшып, шейіт болып, жарақат алып, мүгедектікке айналмаса да сананы улайтындығымен бұрынғысынан әлде қайда қатерлі. Тән жарасын емдеуге болады, ал, жан жарасы мен рухани мүгедекті сауықтыру қоғам үшін аса қымбатқа түсетінін ерте бастан түсінуіміз керек. 

Қазіргі ақпараттық технологияның көптеген пайдасы мен артықшылықтары  бар. Оны әуелгі кезекте санамалап өтейік:

Бірінші, жеделдік, екінші, экономикалық тиімділігі мен үнемділігі, үшінші, алыс қашықтықтан қызмет көрсете алатындығы, төртінші, ақпарат тарату мен қабылдаудың тұтастық сипаты, бесінші, ақпаратқа қол жеткізу, оны тұтыну мүмкіндіктің кеңдігі т.с.с.

Осындай артықшылықтары мен игіліктеріне қарамастан ақпараттық технология арқылы атқарылатын қоғамдық түрлі қызметтер елеулі қауіп-қатерді де тудырып отыр. Осы себептен, қоғамдағы пайдалы іс-қызметтердің ырғақтылығын қамтамасыз ету, ықтимал шығын мен залалды азайту, инвестициялық тиімділік пен бизнес мүмкіндіктерін кеңейту үшін ақпараттық түрлі қауіп пен зауалдардан қорғану қажеттілігі туындайды.

Жалпы, қазіргі таңда ақпараттық қауіпті айналып өте алмайтындай күрделі кезеңде өмір сүріп отырмыз. Ең бергісі, жеке компьютеріңіздегі маңызды ақпаратыңыз өшіп қалса, бір өзіңіз ғана емес  оның зардабын ұжымыңыз, оған қатысты өзге де мекемелер тартады. Ал, егер мемлекеттік басқарушы органдардың бірі ондай жағдайға ұшыраса, оның барлық құрылымдары жаппай ауырпашылыққа тап болады.

Елдің басты мәселелерін шешетін буындардың аппараттарындағы ақпараттардың ұрлануы, өшірілуі тіпті тө­тен­ше оқиға саналмақ. Себебі, ондай жағдай қоғам мүддесіне, ұлттық қауіпсіздікке, елдің тәуелсіздігі мен дер­бестігіне де елеулі нұқсан келтіреді. Олай болса, ақпарат дегеніміз белгілі бір ұйымның құнды мүлкі мен құрылғылары секілді іс-қызмет жүргізуге, жұмыстың қалыптылығын үйлестіретін негізгі капитал болып саналатындықтан, ол – міндетті түрде қорғалуы қажет. Бұрын біз ақпаратты қағаз бетіне түсіріп, сақтап, өзгеге таратып келдік. Қазіргі таңда компьютер, интернет желілерінің қолданысқа кеңінен енуі оны электрондық, онлайн түрдегі ресурс ретінде сақтап, таратуға көштік.    

Бүгінгі таңдағы ақпараттық жүйе аса күрделі әрі синтездік сипатта көрініс табатындықтан кейде адам факторынан тыс қауіптерді де тудыратын болды. Қазіргі әлем елдерінің байланыс пен қарым-қатынас құралы – Интернет болғандықтан оған ірілі-ұсақты миллиондаған жүйе өзара тіркеліп, қосылады. Нәтижесінде, қыруар уақыт пен шығын үнемделгенімен қаскөйлердің қылмыстық жолмен пайда табуына да мүмкіндік беріп отыр.

Сондай-ақ, алапат қиратуларды әкелетін зиянды бағдарламалар да интернет арқылы кең таралып жатыр. Интернетте мемлекеттік шекара мен шектеу атаулы болмайтындықтан ақпараттық қауіпсіздік мәселесі – бірер ұжым, аймақ, құрлық немесе жеке бір мемлекеттің ғана проблемасы емес. Бұл шын мәнінде, бүкіләлемдік өткір мәселеге айналды.

Компьютер, ақпараттық-желілік соғыстың зардабына келсек, табиғи апаттан кем түспейтін жайы бар. Тіпті, оны жаппай қырып жоятын атом, ядролық қарудың ықтимал қаупімен де салыстыруға болады.

Ақпарат – әскери командалауға (бұйрық) да ауадай қажет екенін білеміз. Егер, ақпарат болмаса, бес қаруы сай қандай керемет жасағың да тырп ете алмай қалады. Олай болса, компьютер, ақпараттық-желілік жүйедегі қауіпсіздік мәселесі қорғаныс саласында да елеулі рөлге ие болады. 

Жаңа ғасырда ғылым мен технология қарыштап дамудың биік белестерін бағындырды. Коммуникация, ақпарат алмасу мүмкіндік пен жеделдік мейлінше артып, көз жетпес алып әлемді барынша «кішірейтіп» алақанымызға салып берді. Нәтижесінде, еларалық, ұлтаралық байланыс мейлінше нығайып, қоян-қолтық араласып «доспен» де, «дұшпанмен» бетпе-бет келетін болдық.

Ақпараттық соғыстың сипаты, шеңбері, алаңы компьютерлік техника, бағдарламамен қамтамасыз ету секілді уақытпен жарыса дамып отыр. Даму барысында жаңарып, өзгеріп барған сайын күрделене түсуде. Осының өзі істі қалыпты түрде  жүргізудің, қауіптің алдын алудың  техникасы мен тәсілдерін қысқа мерзімде жедел жасап жетілдіруді талап етіп отыр.

Ақпараттық техника құралдарына, желілерге, бағдарламамен қамтамасыз ету қызметтеріне қасақана шабуыл жасау – ұлттық қауіпсіздікке, қорғаныстық қабілетке зауал төндірумен қатар елімізге қарсы қолданылатын күрес пен текетірестің бір түрі екендігін де жоққа шығара алмаймыз. Компьютерлік, ақпараттық-желі арқылы жүретін соғыстың құралы ядролық шайқаспен салыстырғанда оның қамтитын аумағы, мерзімі, зардабы мен шығыны тобымен емес, жаппай қырып күйрететін сипатты танытып отыр. «Жаппай қырып-жою» қаруының түрі ретінде ендігі жерде ақпараттық жүйені де жатқызбасқа лаж жоқ.   

Компьютерлік, ақпараттық-желі соғысының өзіндік шабуыл түрлері бар.  Атап айтқанда:

Бірінші, E-mail (электрондық пошта) хат түріндегі шабуыл; екінші, DOS-шабуыл; үшінші, компьютер вирус­тарының шабуылдары. Оның салдарынан:

* Ақпараттық қорлар зақымдалады;

* Ақпараттық қызмет үзіледі;

* Ақпаратты олжалау, ұрлау орын алады.  

Технологиялық прогрестің тағы бір жетістігі болып саналатын әлеуметтік желілердің (facebook, myspace, biznetwork, ВК т.с.с) де пайдасы мен зияны бірдей болып отыр. Оның салдарынан азаматтарымыз жеке құпияларынан айырылумен қатар кері әрекеттерге, қылмысқа, бейберекеттікке, діни секталарға да тартылып жатыр.

Ақпараттық қызметті үзіп тастайтын шабуылдардың да зардаптары баршылық.  Зерттеушілер ұсынған мәліметке қарағанда, улы кодтардың 60 пайызы АҚШ және Еуропа одағы елдерінен, 25 пайызы ҚХР-дан,  15 пайызы әлемнің өзге елдерінен жіберіледі екен. Бұл тек біздің ел үшін ғана қауіпті құбылыс емес. Улы кодтардың белсенділігі барған сайын артып келе жатқандығы ғаламдық проблема. Бұл трансұлттық деңгейдегі ұйымдасқан қылмыс болғандықтан онымен бүкіл әлем болып күресіп, ақпараттық қауіпсіздікті күшейтуді талап етеді.

Ақпараттық қауіпсіздік мәселесін айтқанда одан БАҚ саласын тыс қалдыра алмаймыз. Мынандай бір әңгіме бар. Ресей-Грузия соғысы тұсында бір дамушы елдің телеарнасы бір күні Ресейді дәріптесе, келесі күні Грузияны жақтайды екен. Осылай алма кезек жүре берген. Себебін білуге барғандарға белгілі болғаны, телеарнада екі аудармашы кезектесіп жұмыс істейді. Бірі – Ресейде білім алған орыс тілді, келесісі – АҚШ-та білім алған ағылшын тілді.

Ақпарат көзі қайдан болса, көзқарас та содан бастау алады ғой. Негізі, оқиға орнында өз тілшісі болып, әр ел әлемге өз терезесінен қарағанға не жетсін. Ал, біздің ақпарат құралдардың қай елде қанша тілшісі бар? Әрине, санамалап бере алмаймыз. Ары кетсе, 2-3-ден аспайды. Негізінен, қазіргі редакциялар мен телекомпаниялардың басты дерек көздері – ресейлік агенттіктер. Сонда, әлемге әлі де болса Ресейдің терезесінен қарап, баға беріп отырмыз.

Түптеп келгенде, сөз бостандығы дегеніміздің өзі бұлжымайтын дәл дерек пен шынайы ақпараттан өзге ештеңе емес. Барды бар, жоқты жоқ деп қана айтатын, дерекке өз көзқарасымыз бен субъективтік пікірімізді тықпаламайтын болсақ тәуелсіз журналист деген сол. Кейде оппозициялық басылымдарды тәуелсіз баспасөз деп ұғамыз. Ол да қате! Олар бар болғаны, балама ақпарат пен өзге көзқарас білдіруші топтар. Ол да керек.

Қоғамда пікіралуандығы болмаса, «бір дауыспен, бір әнмен» алысқа шаппаймыз. Оған мысал – жетпіс жыл жырлаған «әніміз» бүгін қай бұрышта қалды? Сондықтан, журналист үшін ең қымбаты деректің дәлдігі мен ақпараттың шынайылығы, оқиғаның боямасыз көрінісі. Қалғаны, үгіт-насихат, саяси қырт әңгіме.

Ендеше, ақпараттық қауіпсіздік мәселесін сөз еткенде БАҚ-да жұмыс істейтін мамандарды даярлау ісіне әдістемелік тұрғыдан шұғыл бетбұрыстың жасалуы талап етіліп отырғанын естен шығармауымыз керек. Ол үшін ең алдымен ондаған жылдар бойы қолданылып келген, ішінара әлі де өз күшін жоя қоймаған кеңестік жүйесінің көне тәсілдерінен түбегейлі бас тартып, әлемдік қалып (стандарт) үлгілерін қабылдағаннан басқа жол жоқ.

Себебі, қазірдің өзінде білікті медиа-бизнесмендердің, БАҚ саласы менеджерлерінің жоқтығынан еліміз баспасөзі нарығында жарнаманың 49 пайызын ресейліктер иемденіп отыр. Бұл ресми мәлімет бойынша ғана. Ал, іс жүзінде одан көп болуы да мүмкін. Осыншама табыстан көпе-көрінеу айырылып отыруымыздың өзі медиа-бизнеске бейімделген мамандардың жеткіліксіздігінде болса керек.

Диплом алып жатқан мамандар көп болғанымен, оның бәрі БАҚ талаптарын қанағаттандырмайтыны да рас. Сондықтан, батыстық, америкалық озық тәжірибеге сүйенсек, ұтылмайтынымыз анық. Білім берудің батыстық үлгісінің озық болуының мәні мынада:

* журналистік білім беру ісінде тәжірибеге басымдық беретіндігінде;

* студенттің өз бетімен еңбек етуіне, шығармашылық еркін ой мен іскерлік қабілеттілігін дамытуларына қолайлы жағдай тудыратындығында. 

Алайда, журналистік жоғары білім берудің әлемдік қалыптарын (стандарттарын) жүзеге асыруда елеулі қиындықтар бар. Ең алдымен ЖОО-ның материалдық базасының сын көтермейтінін атап айтуға тиіспіз. Оның сыртында көптеген университет ректорлері журналистика мамандығының өзіндік ерекшеліктері мен маңыздылығына айтарлықтай мән бермейді де. Соның салдарынан тәуелсіздік жылдарында ашылған факультет, кафедраларда журналистика саласы бойынша білім беруді қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімін даярлаудың деңгейінде ғана қарастырды.

Тіпті, жасырмай айтқанда, журналистика мен филологияны айыра білмейтіндер де баршылық. Олар қоғамда БАҚ-тың, журналистиканың рөлінің барған сайын өсіп келе жатқандығымен, оның демократиялық зайырлы қоғамда «төртінші биліктің» дәрежесіне көтерілетін ықпалымен, қазіргі жаһандану кезеңінде ақпараттық майданда ашық соғыстың басталғанымен, оның өзі ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды бір бөлігі екендігімен санаса бермейді.

Сонымен қатар, жергілікті университеттердің журналистика кафедраларын айтпағанда Астанадағы ЕҰУ-нің өзінде білікті мамандар жеткіліксіз. Сондықтан, мамандық пәндерін өзге саланың адамдарына, көбінесе журналистиканың теориясы мен практикасынан бейхабар адамдарға беріп қоюы жоғарыда айтқан ойды нақтылай түседі. Мұндай жағдайда не істеу керек?

Әрине, студенттердің өз бетімен жеке ізденулері арқылы олқылықтардың орнын толтыруға тырысудан өзге амал жоқ. Оның ең бір тиімді түрі – сапалы оқулықтар мен журналистика саласы бойынша жарыққа шығарылған ғылыми-зерттеу еңбектерді білім беру ісіне кеңінен тиімді пайдалану. Әсіресе, студент жастардың журналистика теориясы мен тарихының іргелі туындыларымен етене танысуларына, зерттеп, зерделеулеріне аса ден қою қажет болады.

Себебі, олар университет қабырғасында жүргенде оқулықтар мен оқу құралдарын қазіргі заман талаптарымен байланыстырып пайдалануға дағдыланбаса, ертеңгі күні БАҚ-қа барған соң әртүрлі ақпарат көздерінен алынған мәліметтерді қорытуға қабілетсіз болмақ. Шын мәнінде, ғылыми-зерттеу, талдау-сараптау тәсілдерін ерте меңгерген журналистер көбінесе БАҚ саласында өз қабілеттіліктерін тез таныта алады.

Журналистиканың зерттеу материалдарының түп нұсқаларын жалпылама түрде ішкі және сыртқы деген екі объектіге бөлуге болады. Жаһандану дәуірінде өз деңгейімізді әлемдік үрдіспен салыстыру, өзіміздің қай тұста жүргенімізді бажайлау, өзгелерден үйрену міндетті түрде қажет етіледі. Оның сыртында, сыңаржақ идеологияның құрсауынан құтылған Қазақстан бүгінде сыртқы әлемге өз болмысымен танылды, ашық қоғамға қадам басумен қатар көптеген игі бастамаларға да мүмкіндік ашып отыр.

Қазіргі таңда әлемнің кез келген елінің кітап-құралдарын интернет желісі арқылы пайдалануға, білім беру әдістемелерімен танысуға мүмкіндік бар. Сондай-ақ, қазақ журналистикасы да өзінің даму кезеңдерінде сан қилы зерттеу туындыларын жарыққа шығарды. Алайда, көп жағдайда журналист ғалымдар өздері зерттеген салалары бойынша ғана оқулықтар мен оқу құралдарын әзірлеп шығарумен шектеліп жүр.

Журналистиканың теориясы, баспасөз дизайны, журналистика менеджменті, тележурналистика теориясы мен тәжірибесі, медиабизнес, фотожурналистика, БАҚ заңдары мен құқық негіздері секілді көптеген салалар бойынша оқулықтарды айтпағанның өзінде ғылыми мақалалардың өзі өте сирек кездеседі. Оның өзіндік себептері бар.

Айталық: оқу процесіне күнделікті араласып жүрген ғалымдардың оқулық жазып әзірлеуге уақыттары жоқ; оқулық жазуға ниеттенген авторларға көрсетілетін қолдау жоқ, атап айтқанда, жазған еңбегі үшін қаламақы төленбейді, өндірістен қол үзіп шығармашылықпен айналысуына мүмкіндік жасалмайды; жазған оқулықтары мен оқу құралдары университеттердің баспаханаларында көп уақыт кезек күтіп, кешігіп жатады.

Сондай-ақ, ғылыми кеңестер тақырып бекіткен тұста ең өзекті әрі зерттелмей жатқан тың салаларға жіті көңіл бөлмейді. Бір кездері баспасөз тарихына көбірек ден қойған болса, бүгінде «пәленшекеңнің публицистикасы», «түгеншекеңнің редакторлығы» секілді қамтитын аясы тар, маңызы төмен мадаққа толы тақырыптармен тым ұсақталып кетті.

Сондықтан, алдағы уақытта журналистика мамандығы бойынша магистранттар мен докторанттарды қабылдағанда, олардың тақырыптарының өзектілігіне жіті көңіл бөлінуі аса қажет.

Аталмыш жайлардың бәрі де болашақ журналистерді сапалы әрі қажетті оқулықтармен қамтамасыз етуге елеулі кедергі келтіріп отыр.

Бүгінде журналистика теориясының тұжырымдамалары мен практикалық қызметтерінің тәсілдерін реформалау қажеттіліктері туындап отырғанда ескі жүйе тұсында жарық көрген оқулықтармен студенттерді алдарқату қисынсыз. Кеңес одағы тұсында жарық көрген, бір идеологияның тар шеңберінде тұншықтырылған, әлемдік озық ойдан алшақ, көбінесе компартияның кезекті съездері мен пленумдарының шешімдерінен ұзын сонар сілтемелер жасалған, құрғақ уағыздардан тұратын оқу құралдары мен әдебиеттерді қазіргі жастардың талғамдарына сай келеді деуге еш негіз жоқ. Сөйте тұра, оған балама оқулықтар ана тілімізде жасалып үлгермегендіктен ЖОО-ның көп лекторлары сол оқулықтарды немесе Ресейдің әдебиеттерін қолдануға мәжбүр болып жүр.

Журналистика мамандығына арналған оқулықтардың жалпы мазмұнының өзі студенттердің шығармашылық ой өрістерін кеңейтуге, сөйлеу және жазу мәдениеттерін арттыруларына ықпал етерліктей, оларды ақпарат алу жолындағы алғырлыққа, батылдыққа баулитындай бағытта және жалпы базалық білім беретін пәндермен сабақтасарлықтай болуға тиіс.

Оның сыртында журналистика факультеттерінде сөйлеу және қарым-қатынас мәдениеті, кәсіби этика, эстетика, әлеуметтік психология, саясаттану, экономика, құқықтану секілді пәндердің сапалы оқытылуына айрықша назар аударылуымен қатар, журналистерді дәл осы салалардың базасында даярлау қажет деп білеміз. Журналист-құқықтанушы, журналист-экономист, журналист-саясаттанушы, журналист-бағдарламашы, т.с.с. қос мамандық бойынша даярласа, тіпті тиімді болар еді.

Тәуелсіздік жылдарында жарық көрген оқулықтардың көбінен тәжірибелік іс қызметке қажет ақыл-кеңестерді, бүгінгі БАҚ тыныс-тіршілігінен жанды мысалдар мен жан-жақты мол мағлұматтар беретін тың ізденістердің ізін өте аз көреміз. Сондықтан, ЖОО-дағы әріптестеріміз Ресей оқулықтарына ғана бір жақты сүйеніп келеді.

Осы орайда АҚШ журналистикасының тәжірибелік іс қызметке бейімделген, қысқа да нұсқа, күрделі ұғымдардың өзін қарапайым тәсілмен ұтымды түсіндірген, көңілге қонымды әрі тартымды оқулықтарын аударып, қолданысқа енгізудің аса пайдалы екендігін атап айту ләзім.

Журналистика саласы бойынша отандық ғалымдарымыз бен әдіскерлеріміздің туындылары баршылық. Оны жоққа шығарудан аулақпыз. Алайда, олардың бастырған оқулықтарының таралымы аз болғандықтан, бір ғана оқу орнының аясынан шыға алмайды, өзге әріптестерге жетпейді. Сонымен қатар, журналистика саласы бойынша шығарылған оқулықтарға, кітаптарға, әдістемелік еңбектерге рецензиялар жазылмайды, талдаулар жасалмайды, мерзімді баспасөз арқылы насихатталмайды.

Сөз соңында, Білім және ғылым министрлігінің назарына үш маңызды ұсынысты жолдаған жөн деп білеміз:

Біріншіден, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ең алдымен журналистік білім беретін ЖОО-да қолданылатын оқулықтар мен әдебиеттер басып шығарумен тікелей айналысатын редакциялық алқа ұйымдастырылса. Олар баспаға әзірленген оқулықтармен алдын ала танысып, жарыққа шығарылуына рұқсат беретін механизмді қалыптастырса. Мұндай шағын штатты Астанадағы республикалық «Оқулық» ғылыми-тәжірибелік орталығының бөлімі етіп ашуға да болар еді.

Екіншіден, журналистиканың мемлекеттік стандартына, білім беру саласына бақылау жасайтын білікті журналист маман инспектор тағайындау, министрлікте тұрақты жұмыс істету қажет;

Үшіншіден, журналистерді қазіргідей қызыл тіл безеп, құрғақ уағыз айтуға бейімдейтін мамандықтың базасында емес, керісінше, экономика немесе заң факультетінің тікелей бөліміне айналдырып өзгертсе, сондай-ақ, жеке факультет емес, керісінше, университеттің дербес, дара кафедрасы етіп қайта жасақтаса, қазіргі БАҚ-дың талаптарына сай келетін сапалы мамандар даярлап шығаруға мүмкіндік туады.

Сонда ғана БАҚ менеджменті жолға қойылады және шынайы қоғамдық пікірді қалыптастыратын, ақпарат нарығында бәсекеге қабілетті журналистер қалыптаспақ.

Сайып келгенде, сапалы дайындалған мықты журналист мамандар еліміздің ақпараттық қауіпсіздігін сақтай алады деп білеміз.

Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ,

ҚР мәдениет қайраткері,

халықаралық журналист

 Ұлт порталы