03 мам, 2023 сағат 13:55

Ақпарат саласындағы жауапкершілікті блогерлер де сезінетін уақыт жетті - депутат

Фото: ҚР Мәжілісінің баспасөз қызметі

Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев блогерлердің жауапкершілігін заңнамалық тұрғыда бекітуді ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Депутаттың айтуынша, қазір өзін блогермін деп жүргендердің дені – ақпараттың рас-өтірігін тексермей, оңай жолмен баю мақсатында кез келген адамға жала жабудан тайынбайтын, бопсалап ақша табатын, атаққұмар, елдің берекесін бұзып, қауіпсіздігіне қатер төндіретін сауатсыз адамдар.

"Дәл осы блогерлер талай жылдан бері ұмыт болған қаржылық пирамиданың жандануына да себеп болғанын бәріміз жақсы білеміз. Сол алаяқтарға сеніп қалған қаншама адам суицид жасады, қаншауы денсаулығынан айрылды, тағы қаншамасы үйсіз-күйсіз қалып, қаңғырып кетті?! Олардың обалы кімге? Елде болып жатқан түрлі әлеуметтік жағдайларды өз ыңғайына бұрмалап, оған ұлтаралық рең беріп, елге жалған ақпарат таратқан блогерлердің де ісі майшаммен қаралуы керек еді. Расталмаған қауесеттің әлеуметтік желі арқылы тез тарауынан Қордай оқиғасының немен аяқталғаны бәріңізге мәлім", - деді Баққожаев премьер-министр мен бас прокурорға жолдаған депутаттық сауалында.

Айтуынша, жеке азаматтардың ішкен-жегенін, киген киіміне дейін аңдып, қоғамда кибербуллинг жасап жүрген блогерлер тобы тағы бар. Өмірге деген көзқарасы енді қалыптасып келе жатқан жастар осы блогерлерге еліктеп жүр.

"Біз қысқа ғана уақыт ішінде сөзі мен ісіне жауап бере алмайтын блогерлердің отанына айналып кеткендейміз. Бұл – қоғам үшін де, мемлекет үшін де қауіпті құбылыс. Ал, мұның бәрі біздегі заңнамада блогер мәртебесі айқындалмағаннан. Жауапкершіліктің жоқ екенін сезінген мұндай адамдар әрине, ойына келгенін істейді", - деп ашынды депутат.

Бұл ретте Баққожаев көпке топырақ шашудан аулақ екенін, халыққа шын жанашыр блогерлер де бар екенін атап өтті.

"Бірақ, әлеуметтік желілерін пайдаланып, азаматтар мен ұйымдардың құқығы мен заңды мүдделеріне зиян келтіретін жалған ақпарат таратқаны үшін оларға қолданылатын шара қарастырылмаған. Сол себепті оларда ешқандай жауапкершілік жоқ. Артын зерттеп, шындық па, жоқ па бастарын қатырмайды. Бастысы шу. Бастысы сөз. Кімнің болмасын алдында тікеңдеп, беттен алып, жеке басына тиіседі. Сөз бостандығы деген осы ма? Біз осылайша тұтастай бір мамандықты қор қылып отырмыз. Журналистердің көбі жұмыссыз! Олардың білімі де, талабы да бар. Олардың блогерлерден айырмашылығы – әдепті, сондықтан да жұмыссыз", - дейді мәжілісмен.

Ол бір жыл бұрын президент мемлекеттің мүддесін, қоғамның сұранысын және медиасаланың даму үрдісін ескеріп, БАҚ туралы заңды қайта қарауды тапсырғанын еске салды. Алайда, айтуынша, бұл заң әлі дайын емес.

"Сондықтан, біріншіден, аталған заң жобасына жауаптылардың әрекетіне тиісті баға берілуі керек. Екіншіден, тез арада БАҚ туралы заңды пысықтап, мәжілістің ашық талқылауына енгізу қажет. Ақпарат саласындағы жауапкершілікті тек журналистер емес, блогерлер де сезінетін уақыт жетті", - деді Баққожаев.

Депутат блогерлердің жауапкершілігін осы заң жобасы аясында дереу қарастыру қажет екенін айтты. Себебі жауапкершілікті түсіне алмайтын блогерлердің саны уақыт өткен сайын артып барады.