05 нау, 2020 сағат 13:58

Ақпан айында еңбек инспекторлары 2,5 мыңнан астам жұмыскердің құқығын қорғады

2020 жылдың ақпанында мемлекеттік еңбек инспекторлары 2,5 мыңнан астам жұмыскердің құқығын қорғады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«2020 жылдың ақпанында мемлекеттік еңбек инспекторлары республиканың 166 кәсіпорында 4,3 мың жұмыскер алдында жалақы бойынша 494 млн теңгеден аса қарыз бар екенін анықтады. Аталған кәсіпорындардың жетекшілеріне орындалуға міндетті 62 нұсқама беріліп, 11,6 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынды», - делінген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәліметінде.

Қолданылған шаралардың нәтижесінде, жалақы бойынша қарызды өтеудің мерзімі мен кестесін қатаң белгілеу арқылы 2,5 мыңнан астам жұмыскердің құқығы қорғалды. Бұл тұрғыда оларға 484 млн теңге төленді.

«Жалпы, жыл басынан мемлекеттік еңбек инспекторлары 853 тексеру жүргізді. Еңбек заңнамасын бұзудың 1 256 түрлі фактілері анықталып, 42,9 млн теңге сомаға айыппұл салынды», - деп аталып өткен хабарламада.