Ақорданың баспасөз қызметі Астана клубының үшінші отырысы туралы арнайы репортажды жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Еске сала кетейік, 13 қарашада елордада Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Астана клубының үшінші отырысы өткен болатын.
Астана клубының үшінші отырысының басты тақырыбы - «Үлкен Еуразия» трансформациясы: алдағы онжылдықта еуразиялық кеңістікті қалыптастыратын геосаяси, аймақтық, экономикалық және технологиялық трендтер. Астана клубының отырыстары «Chatham house» ережесі бойынша өткізіледі.
Биылғы жылы оның белді саясаткерлер мен сарапшылардан тұратын қатысушылары жаһандық үрдістер мен Еуразияға ықпал етіп жатқан ең өзекті мәселелер бойынша талқылаулар өткізді. Астана клубы ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы қорының жетекші халықаралық ғылыми орталықтар Қытай қазіргі заманғы халықаралық қатынастар академиясы, Германия сыртқы саясат кеңесі, Ресей халықаралық істер кеңесі және Халықаралық бейбітшілік үшін Карнеги қорымен бірлесіп құрған халықаралық пікірталас алаңы саналады.
Астана клубының бірінші отырысы 2015 жылғы қарашада әлемнің 15 елінен келген 47 сарапшының қатысуымен өткен еді. Оның барысында Еуразия геоэкономикасының негізгі аспектілері, ғаламдық және өңірлік ойыншылардың мүдделері, экономикалық қауіп-қатерлер мен мүмкіндіктер мәселелері талқыланған болатын. Ал 2016 жылдың 14 қарашасында өткен екінші отырысқа әлемнің 50-ден астам сарапшысы, саяси және қоғам қайраткерлері, 21 елдің ғалымдары, сонымен бірге жетекші қазақстандық сарапшылар қатысты.