Ақмола облысының әкімі лауазымына Ермек Боранбайұлы Маржықпаев тағайындалды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ермек Боранбайұлы Маржықпаев 1969 жылы 29 тамызда КСРО Целиноград қаласында дүниеге келдi. 1994 жылы С. Сейфуллин атындағы Целиноград педагогикалық институтын, 2001 жылы «Тұран» университетiн, 2009 жылы Көкшетау университетiн тәмамдаған. Тарих пәнiнiң мұғалiмi, заңгер, қаржы бакалавры.
Еңбек жолын 1991-1992 жылдары дене шынықтыру пәнiнiң мұғалiмi, бокс жаттықтырушысы, орта мектепте тарих пәнiнiң мұғалiмi ретiнде бастады. 1992-1995 жылдары «Шон» ШЖК директоры лауазымына тағайындалды. 1995-2008 жылдары «Береке-Бурабай» ШЖК (ЖШС) бас директоры қызметiн атқарды. 2007-2009 жылдары Ақмола облыстық мәслихатының депутаты болды. 2008-2012 жылдары Аршалы ауданының әкiмi, 2012-2013 жылдары Ақмола облысы Зерендi ауданының әкiмi болып жұмыс атқарды.
2013-2014 жылдары Ақмола облысы әкiмiнiң құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және автомобиль жолдары мәселелерi жөнiндегi орынбасары қызметiне тағайындалды. 2015 жылдың қаңтар айынан бастап Көкшетау қаласының әкiмi. «Құрмет» орденiмен (2011), «Қазақстан Республикасының тәуелсiздiгiне 10 жыл» (2001), «Ерен еңбегi үшiн» (2004), «Қазақстан Республикасының тәуелсiздiгiне 20 жыл» (2011), «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» (2005), «Астананың 10 жылдығы» (2008) медальдарымен марапатталған.
Қазақстан Республикасы туризмнiң құрметтi қызметкерi (2007), Қазақстан Республикасының үздiк кәсiпкерi (2002) атағына ие. Бокстан спорт шеберi.
Айта кетейік, бұған дейін Ақмола облысын басқарған Мәлік Мырзалин Қазақстан Президенті әкімшілігі басшының орынбасары болып тағайындалды.