Бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясының отырысында 10 қаңтарға тағайындалған Парламенті Мәжілісінің және мәслихаттарының депутаттарын сайлау науқаны кезеңінде сайлау учаскелерін материалдық-техникалық жарақтандыру, санитарлық қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету тақырыбы қаралды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
ОСК төрағасы Берік Имашев Мемлекет басшысының 2020 жылғы 21 қазандағы Жарлығына сәйкес жергілікті атқарушы органдар кезекті сайлауды материалдық-техникалық қамтамасыз ету бойынша қажетті шаралар қабылдауы тиіс екенін атап өтті. Бұдан басқа, әкімдіктер дауыс беруді ұйымдастыру және өткізу кезінде COVID-19 коронавирустық инфекциясының таралуының алдын алу бойынша тиісті шаралар қабылдауы тиіс.
Бүгінгі отырыс барысында жергілікті атқарушы органдардың өкілдері тыңдалды. Олар сайлау учаскелерін материалдық-техникалық жарақтандыру, санитарлық қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету, мүмкіндігі шектеулі адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету бойынша жүргізілген жұмыстар туралы баяндады.
Отырысты қорытындылай келе, Берік Имашев дауыс беру күнін ұйымдастыру бойынша жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне жататын барлық мәселелер міндетті түрде шешілуі тиіс екенін айтты.
Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін ОСК отырысында 2021 жылғы 10 қаңтарға тағайындалған ҚР Парламенті Мәжілісінің және мәслихаттарының депутаттарын сайлау жөніндегі науқан барысында ОСК-ға келіп түскен жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау барысы талқыланды.