Фото: Akorda.kz
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте қалалардың инфрақұрылымы мен жайлылығын сынға алып, оларды абаттандыруға барынша назар аударуға шақырды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Қалаларымыздың көрінісі нашар, мойындауымыз керек. Ойын алаңдары жабдықталмаған, үйлердің тозығы жеткен. Бюджеттері әлдеқайда аз болса да, шетелдегі, әсіресе Шығыс Еуропадағы, Балқандағы қалалар өте әдемі көрінеді.
Бұл муниципал биліктің жұмысы болса керек, екінші жағынан, бұл - қала тұрғындарының тұрғылықты жеріне деген көзқарасы. Қала тұрғындары өз көшелері мен үйлеріне немқұрайды қарайды деген мәселе туындап тұр. Ал бұл еліміздің имиджі мен беделін түсіреді. Айтпақшы, мұндай мәселе елордаға да қатысты", - деді Мемлекет басшысы.
Тоқаев елорданың жоғары мәртебесіне қаланың орталығы ғана емес, оның шеткі бөлігі де сай болуы керегін бірнеше рет айтқанын еске салды.
"Мойындайық, әзірге біздің қалалар өте нашар көрінеді. Мұнда барлық деңгейдегі әкімдер, мәслихаттар өкілдері отыр. Назар аударыңыз.
Жақында теледидардан Семейдегі балалар алаңы туралы сюжетті көрсетті. Бұл алаңды пайдалану қауіпті. Әкімдер өз қалалары мен елді мекендерінде жаяу жүруі керек. Бұл елордаға да қатысты", - деді Президент.