03 ақп, 2021 сағат 11:30

Әкімдер аумақтағы азаматтық қорғаныстың бастығы саналады - министр

4-5 наурыз күндері «Көктем-2021» республикалық оқу-жаттығу өтеді. Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, төтенше жағдай туындаған кезде төтенше жағдай аумағын жариялауды жергілікті атқарушы органдар жүргізеді. Яғни, егер ауылдық округ немесе қандай да бір жеке аудан аумағында болса, онда аудан әкімдігі жариялайды. Ол әділет органында тіркеуден өтеді және одан ары жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылады. Егер қаржы жетіспейтін болса, тиісті облыс әкімдігі республикалық бюджетке жүгінеді. Бүгінгі күні бюджетті қалыптастыру барысында жинақталатын төтенше жағдайға, олардың салдарын жоюға арналған резерв бар. Биыл барлық өңірде, облыстарда жергілікті бюджет есебінен төтенше жағдай туындаған кезге шамамен 39 млрд теңге дайын тұр. Төтенше жағдайды тікелей жоюмен байланысты ақша қалыптастырылмайды. Бізде Үкімет резерві бар. Қажеттілік туындаған кезде әкімдіктердің бастамасымен Үкімет резервінен ақша алуға жүгіне аламыз», - деді министр. 

Оның айтуынша, жергілікті әкімдер биыл төтенше жағдайлармен күреске бөліп отырған қаражаттың барлығы бірдей жұмсалмайды. Жұмсалмай қалған қаражат келесі жылға ауысады. 

«Әкімдер аумақтағы азаматтық қорғаныстың бастығы саналады. Біздің департамент басшыларымыз бұл мәселеде олардың орынбасары саналады. Біз ведомствоаралық комиссия отырысын тұрақты өткізіп тұрамыз. Наурыздың 4-5-і күндері «Көктем-2021» республикалық оқу-жаттығу өтеді. Өтетін жері – Павлодар қаласы. Дегенмен, оқу-жаттығу барлық өңірде жүргізіледі», - деді Юрий Ильин.