Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ржев түбіндегі қанды шайқаста көз жұмған Қасым көкесі (әкесінің ағасы) туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Әкемнің үлкен ағасы Ржев шайқасында қайтыс болды. Ол жерде өздеріңіз білетіндей, Екінші дүниежүзлік соғыстың ең қанды шайқастарының бірі болған еді. Менің ағам Тверь облысы Ржевский ауданы Трубино ауылындағы майдангерлердің зиратында жерленді. Александр Твардовскийдің: «Мен Ржевтің түбінде өлдім, бақытты болуды сіздерге бұйырып, Отанға адал болуды тапсырдым, өлілер кетсе де, кеткен жоқ күйініп, бізде бір ұлы бақыт бар - Отан үшін құладық, оны біз құтқару үшін қиылдық» деген өлеңі естеріңізде болар», - деді Президент «МИР» арнасына берген сұхбатында.
Мемлекет басшысы әкесін де, көкесі Қасымды да отбасы болып еске алатынын, бейбіт өмір үшін майданда мәңгі қалған батырлардың бәрі ұмытылмайтынын айтып өтті.
«Менің есімім де сол Қасым көкемнің құрметіне қойылған. Менің әкем орны толмас қазасына қабырғасы қайысып, үлкен ағасының рухына құрмет көрсетті. Әкем оны қатты сағынды, барлық хаттар мен фотоларды сақтап, өмір бойы жерленген жері туралы кез-келген ақпаратты табуға тырысты. Кейде әкем ағасының қайта тіріліп келетінінен де үміттенетін сияқты көрінетін маған», - деп қосты Мемлекет басшысы.
Алайда Президенттің айтуынша, Ржев түбіндегі шайқасқа қатысты құжаттар да құпия сақталған.
«Ресейдің Қорғаныс министрлігінің Подольскідегі мұрағаты 2000 жылдың ортасында ашылған кезде ғана біз оның жерленген жерін білдік. Мен Алматыдағы әкемнің қабірінен топырақ алып, Трубино ауылындағы қабірге бардым. Ұлым менімен бірге болды. Міне, сол бауырластар қабіріне әкемнің қабірінен әкелінген топырақты септім. Содан кейін мен ағамның қабірінен топырақты Алматыға апардым», - деді Президент.