08 қар, 2016 сағат 14:19

Ақан Сатаевтың ұлттық туындысы

Киноөнерінің жанашырлары әрдайым Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында болып жатқан жаңалықтарға назар аударып отыратындары белгілі. Сондағы негізгі мақсат – ұлттық сана-сезімді тебіренте алатын, тарихқа айналған ұлт өмірінің қилы кезеңдерін шынайылықпен суреттейтін, тіпті, бүгінгі өсіп келе жатқан жас ұрпақтың рухани кәдесіне жарайтын жақсы фильмдердің пайда болуына деген қызығушылық. Бұл бүгінгі ақпарат тасқындарының арасынан өзінің дара жолын бағдарлап жүрген қазақ жаны үшін зор қажеттілік. Көңілдегідей жиі болмаса да, анда-сандаға жалтақтайтынымыз рас. Жасалынып жатқан фильмдер туралы деректер көп айтылмайтыны өз алдына, арасында мақтан тұтарлық жаңалықтардың өздері тасада қалып қойып жатады. Жуырда «Ресей Федерациясында пайда болған жаңа кинофестивальда «Еуразиялық көпірдің» бас жүлдесі қазақ фильміне беріліпті» деген жаңалық өнерсүйер қауымды елең еткізді.

Киноның тілімен айтқанда, танымал режиссер Ақан Сатаевтың постпродакшны ұзағырақ болған «Анаға апарар жол» атты фильмі осы фестивальдың басты таңдауына айналуы мен фильмнің еліміздің экрандарына шығуы қатар келді. Қырымда тек қана фильмнің ғана мәртебесі емес, сол ананың рөлін ойнаған Қазақстанның мемлекеттік Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық драма театрының актрисасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алтынай Нөгербек Еуразия кеңістігінің үздік актрисасы атанды. Міне, ақпараттық сарынмен айтылып отырған зор қуанышты хабардың мәні осы. Бұл – қазақ киноөнерінің көптен көрмеген жеңісі! Кеңес одағы кезінде Бүкілодақтық кинофестивальдар болатын, жыл сайын бір одақтас республиканың астанасы қабылдайтын ол байқауды. Алғашқы үш фестиваль (1958-Москва, 1959-Киев, 1960-Минск) қатарынан өтті де, 1964 жылдан бұл фестиваль кезекпен өтетін болды, сол алғашқы Ленинград қаласында өткен 1-ші кезекті Бүкілодақтық кинофестивальда Қазақстанның халық әртісі Әмина Өмірзақова Шәкен Аймановтың «Ана туралы аңыз» фильмінде ойнаған рөліне «Ең үздік әйел рөлі үшін» жүлдесін алғаш рет жеңіп алған еді. Міне, 52 жылдан кейін екінші рет осындай халықаралық байқауларда қазақ анасының рөлі үшін жеңіп алынған жүлде! Ал бас жүлде тіпті де алғаш рет десек болады!

Ұлттық фильм дегеніміз не? Тимур Жақсылықов жазған сценарий бойынша түсірілген фильм арқылы Ақан Сатаев осы сұраққа жауап іздеген сияқты. ХХ ғасырда басынан өткізген тауқыметі жағынан қазақтың алдына шыға алатын халық кемде-кем шығар! 2 сағат 08 минөт бойы осы қасіреттер көріністері экранда тізбектелді. Ұжымдастыру, ашаршылық, босу, туған жер мен ананың табиғи мейірінен айрылып, балалар үйінде жетімшіліктің ащы дәмін татып, лақап текпен өмір сүрудің зардаптарына қан жұтып шыдап, жанкешті соғыста тасқындап аққан адам қанын кешуге мәжбүр болу, жеңіспен келген бақытты өмір құқынан әділетсіздік пен жауыздықтың айыруын көріп, ерлікпен, батырлықпен алған марапаттарының аяқасты болуын бастан кешсе де сынбаған, беті қайтпаған, рухы толық, жаны қайсар Ілияс пен жары Мұқанның оққа ұшқанын көру, жалғыз ұлы Ілиястан айрылып, оның хабар-ошарсыз өмірі мен қазақ даласы мен қоғамында болған қайғы-қасіреттің, нәубет, зұлымдықтың түр-түрін қаймықпай тік тұрып қарсы ала білген, әр мезетте ұлын естен шығармай, соны көруді арман қылған, баласының құшағындағы ел болашағының күшін сезетін кездің келетініне сенген қайратты ана Мәриямның күйбең тіршілігі көрермен көкейін жаулап алады. Екі өмір: бірі жат жердегі Ілиястың, екіншісі өз еліндегі Мәриям ананың бастан кешкен хикаялары. Халқымыздың көз жасын сарқылтқан тауқыметтер.

Қос мұңлық – Үміт пен Мәриям апайға пәтер береді. Бұл жай да ана мұңына тосқауыл бола алмайды. – Үйрене алмаймын, мүмкін, мені ауылға апарып тастарсың, Ілияс келсе ауылға келеді ғой… – Онда мен де бірге қайтамын, ауылда да жұмыс табылар. Сөйтіп, ауылға көшеді екеуі. Ауылда Мәриям өзіне орын тауып алады, ол ауыл сыртындағы жолды қарсы алатын жалғыз бәйтерек ағаштың түбінде таңның атысынан күннің батысына дейін отырады. Балалар Үмітке апаның сол жерде отырғанын айтып тұратын болады. Үйде Мәриям апа аяттарды оқып, құдайдан жалғызының келуін сұрайды. Үміттің көзі құрғамайды – жылаумен ол да Ілиястың келуін тілейді. Жұмысында да береке жоқ. Апасына шәй апарумен болады. Күнде айтып жүрген сөздер бұл жерде де айтылады: — Жас өміріңді өткізіп алдың ғой, жаным. –Апа, осы жерде отырмай-ақ қойсаң қайтеді? – Жалғызымды бір көрсем екі дүниеде де арманым жоқ! Ананың өксіп сұраған тілеуін берді Құдай! Ағашты жанап өтетін екі ізді жолмен келе жатқан ер адамның жүрісіне кейіпкерлердің де, көрерменнің де көңілі ауады! Мәриям апа солып қалған гүлге жан біткендей баяу қозғалыспен отырған орнынан тұрып, жолаушыға қарсы бет алады. Ауылға қайтып бара жатқан Үміт те артына қарап Ілиясты көреді. Ана мен баланың кездесу сахнасы жан қозғалысының тебіреніске толы толқу сәттеріне сай әсерлі күй туғызатынын айта кету керек. Алдымен екеуі, оларға Үміт қосылып – (жоғарыдан түсірілген көрініс) үшеуі бір бүтін жандай болып көрінеді… Иә, ҮШЕУІ – БІР БҮТІН!!!

… – Міне, балалар, апамыздың бастан кешіргені, кейін немерелерін өсіріп, бақытты өмір сүрді. Бәрі шыдамдылықтың арқасында… – деп аяқтады мектеп сабағын мұғалім.

Барлық аналардың құрметіне арналады деген сөздермен фильмнің қызметтік титрлары басталады. Бұдан біз фильм жасауға қатысқан шығармашылық топтың құрамымен танысамыз. Осы топтың барлығы дерлік «Анаға апарар жол» фильміне «Еуразиялық көпір» Халықаралық кинофестивалінің бас жүлдесін жеңіп алуына атсалысқан киноөнерінің мамандары. Бәрін осы табысты еңбектерімен құттықтаймыз! Ең зор табыс — ол фильмнің қазақстандық көрерменнің ыстық ықыласына бөленуі! Әлия Назарбаева, Ақан Сатаев пен Тимур Жақсылықов бастаған шығармашылық топ 1922 жылы басталған оқиғаларды қырық жылдан астам уақытқа дейін асқан шеберлікпен бүгінгі күнге жеткізіп берді. Ең алдымен олар әр уақыттың саяси-әлеуметтік ерекшелігін, рухани-этнографиялық, табиғи-географиялық, тұрмыстық-экономикалық өзгерістерін, өмір сүруге талпынған адамдардың өз бақыты үшін қандай қажырлылық пен күш-қайрат көрсете білу керектігін, тіпті қандай қиянат, әділетсіздік пен адами қасиеттердің аяқасты болуымен қашан күресу, қашан шыдамдылық көрсете білу керектігін шынайы түрде жеткізе білген. Сондықтан, көрген оқиғалар тізбегінде өмір шындығының исі мүңкіп тұрғаны қуантады. «Еуразиялық көпір» талай електен өткізіп барып Бас Жүлдесін қазақ фильміне тарту еткені де фильмнің бүгінгі көрермен талабына сай тілмен жасалғандығы мен оның шынайлығында. 2 сағат ішінде жарты ғасырға жуық уақыт бойы Еуразия кеңістігінің бұрыш-бұрышына көз тастап, кеңес дәуіріндегі өмірдің ақ пен қарасын, ащысы мен тұщысын сезіну мүмкіндігіне ие болған бүгінгі жастар бұл фильмнің белсенді көрермені болары анық. Ілияс бүгін 94 жасқа келген болар еді. Бұл жастағы қариялар ортамызда әлі де бар, солардың көпшілігі Ілияс киген кебіннің тарлығын түсінетіндер, жаны ашып, көзіне жас алатындар. Міне, бұл фильмнің қоғамымыздың барлық мүшелерінің талабына сай жасалынғандығы. Бұл өте сирек туындайтын нәтиже.

Мәриям апа Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алтынай Нөгербектің ойнауында АНА деген сөздің парқын білетін қазақ үшін нағыз «баламның аяғына қадалған шөгір менің маңдайыма қадалсын» дейтін ана бейнесіне сайма-сай келетін нәзік жанды, рухы мықты, қайсар жан (ауыл старостасының бетіне басқан айыптары). Мәриям апа фильмнің басты кейіпкері, солай қарастырылған, сол себептен ол қазақ анасының жинақталған батыр бейнесі, сол себептен ол әрқайсысымызға анамызды еске алдырады, сағыныш сезімін тудырады. Ал сол ананың шынайы бейнесін жасау, әрине жас актриса үшін үлкен шеберлікті талап етті, кадр ішінде орамалды кемпірлерше байлау, жүріс-тұрысына кәріліктің белгілерін енгізу, қолының діріл қағуы сияқты пландар ойынның мақсатына сендіреді, көзіне ұялаған мұң, аш адамдарға көрсетілген мейірімділік – т.с.с. рөлдің салмағын арттырып, оның тереңдігін көрсетеді. Осының бәрі рөлдің дәрежесін Халықаралық фестивальдың жүлдесіне сай еткізе білді! Ең үздік әйел рөлін орындағаны үшін деген жүлде, жай ғана атап өту емес, ол аталым салмағы бойынша ең бағалылар қатарына кіретін марапат! Рас, бұл – өте елеулі жеңіс! Бас газетіміз арқылы мадақ айтуға тұрарлық!

Ілияс – Әділ Ахметовтің, Үміт Аружан Жазылбекованың орындауында Мәриям апаның рөліне көп реңк қосады, жоғарылау жолында жақсы сүйемелдейді, өз атқарған рөлдеріне дәл табылған актерлер десек – ол шындық. Кескіндемелік портреттері де, ойнау шеберліктері де жоғары деңгейдегі жұлдыздар! Болат Әбділманов, Берік Айтжанов, Азамат Сатыбалды, Ақкенже Әлімжан, Ерлан Кәрібаев, Еркебұлан Дайыров, жалпы бүкіл актерлік ансамбль шахмат алаңына орын-орнына қойылған фигуралар сияқты атқарады рөлдерін. Фильмнің зор жетістіктерінің бірі осында. Барлық актерлер ортақ мақсатты біледі, соған үлес қосады. Асылбек Боранбаевтың Жайыровының атқаратын жүгі қандай! Айта берсек…

…Фильмнің авторлары болып саналатын композиторлар (Әлім Заиров, Роман Вишневский) мен қоюшы-суретшілер (Нәзира Байбекова, Лариса Решетова) жұмыстарына қойылған талаптар аса жоғары болмаған сияқты, себебі, фильм тынысының ең бір асқақтайтын сахнада Мәриям апа мен Ілиястың (әрине, Үміттің де) кездесуі музыкалық қолдаудың кеңістікте шарықтай алмай қалғаны, Мәриям апаның «кәрілік гримінің» кәрілік маска деңгейіне ғана жете алғандығы қынжылтпай қоймайды, бүкіл фильм бойы сүйсініп отырған актрисаның мимикалары ең бір шешуші сахнада қимылсыз «үндемей» қалды! Осының кесірінен, тіпті, фильмнің оңтайлы сәттерінің өздерін ұмыттыруға жол ашатын сияқты. Сол тәрізді фильмде терең ой елегінен өтпеген бір драматургиялық кемшілік – әр жерде оқиға дамуы тығырыққа тірелетін қауіп пайда бола бастағанда сапасыз дикторлық мәтін араласып шарасыздық танытады. Фильмнің ең соңындағы мұғалімнің сабағы да – осы қатарға қосылатын өкінішті жай.

Десек те, «Ұлттық кино» дегеніміз не?» – деген сұрақ қойып, соның жауабын Ақан Сатаевтан сұрап отырғандаймыз. Себебі, «Анаға апарар жол» фильмі арқылы Ақан бауырымыз (әрине, Ақан дегенде бүкіл фильм жасауға қатысқан шығармашыл топты айтамыз) ХХ ғасырдың негізгі қайшылықтарын, оларды қазақ анасы (Мәриям) мен қазақ баласының (Ілияс) бастан кешкен зардаптарын қазақ халқы тағдырының тарихы етіп ұсынды. Әрине, бұл «Анаға апарар жолдың» нағыз ұлттық фильм екенінің дәлелі. Фильм шыққаннан бері ғаламтор желілерінде әртүрлі пікірлер пайда болды, олардың арасында сын арқалағандары да жоқ емес. Біз оларға қазақша «біткен іске сыншы көп» дей аламыз. Біткен іс – түсірілген фильм, қыруар қиындықтардың басын идірген түсіру тобы таза көңілімен, шын пейілмен қызмет еткенін байқай аламыз. Тимур Жақсылықов пен Ақан Сатаевтың осынша оқиғалардың бір фильмнің ішінде шеберлікпен дамып, шынайылықпен өрбу шешімдеріне жеткізе алғандары таңырқатады. Өмірде болмайтын оқиға жоқ шығар, ал сол ақиқатты фильмнің басты кейіпкерлеріне ауыр жүк етіп, мақсатты қадамдардан сүрінбей өту үйлесімділіктерін драматургиялық заңдылықтарға бағындырып, шешімдерін көрермен талабының қызығушылық деңгейін жоғары ұстап, геройлардың бастан кешкенін қазақ тағдыры ете алғандары қуантады. Қазақ киноөнерінің майталманы, қырғыз бауырымыз қоюшы-оператор Хасан Қыдырәлиев үшін бұл фильмнің құрамында мәнсіз қадрлар жоқ, өз жұмысын асқан тыңғылықтылықпен атқаратын хас шебер бүкіл тізбектелген оқиғалардың бейнекөріністерін өзінің қырағы көз талғамына, уақыты мен кеңістігіне, шиеленістік сәттеріне сай түс-бояулармен суреттей білген.

Ана деген өте қарапайым және ең терең ұғымның сырын өмір сүрудің қаншалықты күрделі үрдіс екені арқылы жеткізуді көрерменнің ақыл-ой жүйесімен емес, жүрек сыздауы арқылы сездіре алғаны бұл шығарманың әсерін көпке дейін ұмыттырмас! Қазақ көрермені кинотеатрдан толғанып, өз анасын еске алып шығары анық! Себебі, ол ұлттың жанын тебірентетін тарихи оқиғалармен қауышты.

Сламбек ТӘУЕКЕЛ,

кинорежиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері