Сурет: instagram.com/toregeldysharmanov
Қазақ КСР денсаулық сақтау министрлерінің бірі болған, Қазақ тағамтану академиясының негізін қалаушы, отандық медицинаның мақтанышы Төрегелді Шарманов 94 жасында дүниеден өтті.
Назарларыңызға Төрегелді Шармановтың кейінгі жылдары әлеуметтік желідегі парақшасында жазған ой-толғауларын ұсынамыз:
«Қазақ тілі – әлемдегі ең бай тілдердің бірі. Оның құнары, көркемдігі ешбір тілден артық болмаса кем емес. Қалай болғанда да ол сенің ана тілің, түп қазығың, айбарың, айбының. Одан жырақтап еш жерден береке таппайсың. Әрбір азамат өз тілін, салт-санасын құрметтеуі керек. Қазақы қасиет-қалыбымызды сақтау үшін тілді сақтауға тиіспіз. Тіліміз, санамыз, мәдениетіміз бодандық құрсауынан босап, тәуелсіз дамуға бет алды, төл ана тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болды. Енді жоғалған тарихымызды түгендеп, барымызға ие болатын кезеңдеміз».
«Ұзақ өмір сүру пендеге Құдайдан берілетін тылсым дүние ғой. Ал денсаулықты күту – өмір сапасын жақсартудың кепілі. Мен анамды алты жасыма дейін емген адаммын. Балалармен ойнап жүріп, шешемді көріп қалсам омырауына жабыса кететінмін. Бірге ойнаған достарым бұл үшін мені әжуалағанда «сендерге көрсетемін» деп жұдырығымды түйсем жым болатын. Анамның ақ сүтінің арқасында шымыр әрі күшті болып өстім. Әр нәрсені қалыптап берген халқымыз «уызға жарымаған» деген сөзді тегін айтпаса керек. Баланы емшектен ерте шығармай, мейірі қанғанша емізу денсаулығының мықты болуына зор ықпал ететінін түсінуіміз керек».
«Айналаңа жылу, мейірім шашып жүру сенің табиғи міндетің. Адамға жамандық ойлама, төңірегіңе жақсылық қана жаса, оны дарыта жүр. Ортаға пайдаң тиетін болса, ұйқың да тыныш, жүйкең де тозбайды. Халқыңа, еліңе жасаған жақсылығың өзіңе емес, елің үшін. Елің үшін жасағаның сенің өзің үшін жасағаның, осылай ұғыну керек».
«Сау ұзақ ғұмыр жасау – жалқау, енжар, өмірге түңіле қарайтын адамдардың үлесіне тимейді, бұл – бірегей ақыл-ой иелерінің, шығармашылық дарынды тұлғалардың, үнемі қарқынды ми шабуылын жүргізетін адамдардың үлесіне тиесілі».
«Жастар менен өмірде өз орнын табу, жетістікке жету үшін не қажеттігін сұрайды. Бәріне төзімділік керек. Адам мақсат қойса, мақсатқа жету үшін қиындықтарға төзімді болу керек».
«Сезім сеніммен мәнді, сенім сезіммен сәнді».
«Қазір тойшылдықтың заманы емес, қазір ойшыл болған елдер ұтады».
«Ерінбей еңбек ету керек. Халқыңа адал қызмет етсең, бақ пен береке өз аяғымен келеді».
«Тағдырдың жолы үнемі тақтайдай тегіс болып келе бермейді. Өмірдің бұралаңы көп, одан сүрінбей аман өтіп кетуге білімің мен жігерің ғана көмектеседі, тек әділет теріс қарамаса болғаны».
«Тамақ ішу деген – мәдениеттіліктің керемет көзі. Адам кәдімгідей сауатты түрде тамақтануы керек. Орынды сөйлеу – орынды тамақтанумен тікелей байланысты. Ақыл-ойдың дамуы да тамақтануға байланысты. Көбіміз иммунитет іздейміз. Әлсіреп кеттік дейміз. Оның жалғыз ғана негізі бар. Ол – нәрлі тамақтануда».
«Тәуелсіздіктің тұғырын сақтап қалу – үлкен аманат, ұлы борыш. Оған ұлтын сүйген әрбір адам үлес қоса алады. Әркім өз ісіне, мамандығына адал болса, адамгершілік қағидаттарынан аттамай түзу жүрсе, табанды еңбек етсе егемендіктің еңселенуіне қосқан үлесі сол».
«Төңірегіңдегі жандарға, қоғамға, халыққа қаншалықты керек болсаң, соншалықты ұзақ өмір сүресің. Ол рас. Халық еңбегіңе, қамқорлығыңа, сөзіңе мұқтаж болса үлкен жауапкершілікті сезінесің. Халқыңа керек болғаның зор бақыт».
«Денсаулығы мықты адам ғана, өз елінің жай-күйіне алаңдай алады. Денсаулығы мықты маман ғана өз кәсібі бойынша елінің дамуына белгілі бір дәрежеде үлес қоса алады. Яғни, мұндағы айтпағым, ой саулығы – жанның саулығына, жанның саулығы – тәннің саулығына тікелей байланысты».
«Әр адамның өмірі бір салынған самал әуендей, айтылған адуын жырдай, күмбірлеген күміс күйдей, сыздықтап басталып, толқындай иірімденіп, буырқанып, қыран құстай қалықтап, ашық аспан астында күн мен айдың нұрына шомылып, әлемге үнін естіртіп, Тәңірдің пешенеге жазуымен тайталас-тартыс жетегінде жүргенде сынаптай сырғып өтетін, ешкімнің уысында мәңгі қалмайтын, әр көңілде арман болып ұялап, бақиға аттанатын бір тылсым дүние. Адам Ата мен Хауа Ана заманынан бері қаншама дәуір дүбірлеп өткенімен, адам жанының құпиясы жұмбақ күйінде қала бермек.
Адам баласы өзіне белгіленген уақыт-өмірін сүріп, өнерін көрсетіп, қайтадан аспандағы көп жұлдызға айналатындай, айналмалы тылсым дүниедегі бір қонақ тәрізді. Ешбір жанға өмірге келуінің сыры жайлы түсінік берілмеген, бойына біткен күш-қуаты, жігер-дарыны, қаны мен қасиетіне сай жер бетіндегі өзіне дайындалған рөлін сомдап, тек өзіне арналған сый-сыяпатын, қуаныш-бақытын иемденіп, тауқыметі мен қияметін арқалап, тоқтауды білмейтін уақыт диірменіне түсіп кете баратын жалпы адамзат баласының ғұмыры мәңгілік сапар үстінде десе болар».