Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы Жамбыл облысы Қордай ауданындағы жағдайға байланысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Ақ жол» демократиялық партиясы Жамбыл облысының Қордай ауданында болған қайғылы оқиғаларға байланысты қаза болғандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтып, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тілейді.
«Сондай-ақ біз осынау қантөгіске себеп болған арандатушылардың әрекеттерін айыптаймыз. Біз қоғамда этносаралық келісімді сақтай отырып, барлық ұлт өкілдерін сабыр мен өзара құрметке шақырамыз. Осы жағдайға байланысты үкіметтік комиссия құрылды. Аталған оқиғаның мән-жайын, оның неден басталғанын, полиция өкілдеріне шабуыл жасаған кінәлілерді және аймақтағы бірқатар ауылдарда адам құрбандары болуы, ғимараттардың өртелуі мен тоналуының ақ-қарасын осы комиссияның анықтауын сұраймыз. Осы оқиғаларды бастаушылар заң алдында қатаң жауапкершілікке тартылуы тиіс» деп мәлім етті партия.
Ұйымның жазуынша, мемлекеттік комиссия қайғылы жағдайдың салдарын жою барысында кезекті шаралармен шектелмеуі керек.
«Бұл жанжал жергілікті билік органдары мен тұрғындар арасында өзара түсіністіктің жоқтығын, құқық қорғау органдарының беделі төмен екенін көрсетті. Оның артында әлеуметтік проблемалардың жатқаны айқын. Жергілікті мемлекеттік органдар халыққа жақындау үшін, халықтың әлеуметтік мәселелерін шешу үшін бірқатар шаралар қабылдауы қажет. Біз мемлекеттік комиссияның жұмысы мен оның шешімдері халыққа түсінікті және ақпараттың ашық болуын талап етеміз», - дейді партия басшылығы.
Сондай-ақ, олар барлық азаматты қоғамдық келісімді қорғауға, республика заңдары мен Конституциясын қолдануға шақырады.