22 қыр, 2016 сағат 23:39

“Ақ жол” газеті 25 том болып шығады”

Оңтүстік Қазақстан облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің директоры, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері Ханбибі Есенқарақызымен сұхбат.

– Сіз Оңтүстік Қазақстан облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандары му­зейінің директорысыз. Аталған музей­дің сая­сатқа қаншалықты қатысы бар?

– Жұбан ақын «Мен қазақпын, мың өліп, мың тірілген» деп бекер айтпаған. Патшалық Ресейдің отарлауынан қазақтар көп теперіш көрді, көп қорлық көрді. Ал кеңестік империяның озбырлығы одан да асып түсті. Жаппай орыстандыру сая­сатын жүргізіп, оған көнбегендердің қолдағы барын тартып алып, өздерін итжеккенге айдатты, атты, асты, қолдан ашаршылық ұйымдастырып, халықтың жартысын жусатып салды. Қазақтың кең даласын түрмелерге айналдырып, ата қонысынан айырып, шұрайлы жерлерге кірмелерді тоғытты. Бірақ осындай зорлық-зомбылыққа, идеологиялық қысымға қарамастан, қазақ халқы тарихи атамекенін, тілі мен дінін, ежелгі мәдениеті – салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын тұтас ұлт ретінде сақтап қала білді.

Ұлт бостандығы, дербес, тәуелсіз мемлекет құру жолында құрбан болғандар­дың тағдырлы тарихын ел жадынан ұмыт­­тырмай, еңбектерін насихаттау – осы музейдің басты міндеті. Саяси үс­темдік құрбандарының құжаттары сақталған жері де осы музей. Қан-қа­сап­қа айналғандарының айғағы болған, қағазынан қан тамған құжаттарға қарап отырып, қазақтың ұлы халық екендігіне көз жеткізгендейсің. Ұлылық адам саны­ның көптігімен өлшенбесе керек, ол халықтың қажыр-қайраты, төзімділігі, көкі­рек көзі ояулығы, батырлығы арқылы бағамдалады.

– Сіздің архив құжаттарымен айна­ласуыңызға не түрткі болды?

–  Тарих қойнауына үңілу – архивтерге жүгіну. Музей ісінің жаны – архивтік құжаттар. Сол себепті біздің музейдің жұмысы архивтердегі қатталған құнды деректермен тікелей байланысты деп айтуға болады. Біз бұрын жазықсыз жа­па шеккендердің өмірін насихаттасақ, ендігі жерде олардың артта қалған ең­бектеріне дендеп ене бастадық. Ол ең­бектерді іздестіру үшін тағы да архивтерге жүгінуге тура келеді.

– Айтуыңызға қарағанда, талай-талай деректер, әлі де зерттелмеген тақы­рыптар архивтерде шаң басып жатқан тәрізді. Бүгінде іргелі еңбекке айналған «Шолпан» журналын қай архивтен таптыңыздар?

– «Шолпан» журналы 1922-1923 жылдары Ташкентте «Түркістан Коммунистер партиясы кіндік комитетінің тілі» деген айдармен басылып шыққан, саяси-шаруашылық пен білім-әдебиетті қам­титын айына бір рет қырғыз-қазақ журналы ретінде шығып тұрған.

Басылым беттерінен қазақ баспасөзін зерттеумен айналысып жүрген бір ғалым­ның Ташкентте «Шолпан» атты журнал шыққандығын, небәрі сегіз саны жарық көргендігін, оның үш саны ғана қолға тигендігі жөнінде жазылған мақаласын оқыдым. Сол түрткі болды.

Алаш қайраткерлері туралы дерек­тердің көбі Өзбекстанның архивтерінде сақталғанынан бұрыннан хабардар едім. Ондағы ақын-жазушылармен байла­нысым арқылы Ташкенттің орталық музейлері мен архивтеріне кіруге рұқсат алдым. Айтқандай-ақ, Ташкенттегі Әлі­шер Науаи атындағы кітапханадан «Шол­панның» түгелдей сегіз саны сақтаулы екен. Амалын тауып, сол жур­нал­дарға қол жеткіздім. Бұл ұлт әде­биетінің қоржынына қосылған үлкен олжа дер едім.

Мен тарихшы немесе ғалым емеспін. Енді не істемек керек? Бірден Алматыға тарттым. Ғалым Тұрсынбек Кәкішев­тің үйіне. Арап әліпбиімен жазылған «Шол­панды» көргенде, ағамыздың қуанышында шек болған жоқ. «Шіркін-ай, осыны кириллицаға аударып, кітап етіп шығарар ма еді» деген арманын есті­дім. «Жазған құлда шаршау жоқ», Шым­кентке келіп, оқу орындарындағы төте жазуды оқи алатын мамандармен байланысып, тәуекел еттім. Нәтижесінде, «Шолпанның» өз форматымен қырық бес баспа табақтық кітап етіп шығаруға бел байладым. Шығардым да. Бұл 2010 жыл болатын.

– Тарихымызды білмей, мұрағат­тар­дағы дүниелерімізді түгендемей, өркениеттен өз орнымызды алу қиын. Ен­деше, архивтегі құжаттарды ақ­тар­ғанда ойыңызға алдымен не оралды?

– 1966 жылы жас журналист ретінде сұрапыл зұлматтың шет жағасын көрген, кейіннен Кеңес өкіметі кезінде лауазымды қызметтер атқарған (Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары, Оңтүстік Қа­зақстан облысында обкомның хатшысы болған) зейнеткер Мырзахан Пошанов деген ақсақалмен сөйлесудің сәті түсіп еді. Ол кісі тұлдыр жетім қалып көше кезіп жүргендерінде Нұртас Оңдасынов екеуін Ғани Мұратбаев Ташкенттегі жетімханаға орналастырғанын, мектеп бітірген соң баспаханада әріп теруші, корректор болып жұмыс істегенін айта келе, құлағыма сыбырлап: «Ешкімге айтпа, Мағжанның алғашқы кітабын мен терген едім, сол кезде «Бәрінен де сен сұлу» деген өлеңін жаттап алғанмын» деп, оқып бергені есімде. Ол кезде мен «Сары­ағаш» аудандық газетінде жұмыс істейтінмін. Кейіннен 1972 жылы мен осы өлеңді батыр Бауыржан Момышұлының өз аузынан естідім.

Мен мұны зиялылардың еңбек­те­рін тәркілеп, қанша жерден халыққа жет­кізбеуге тырысса да, көзі тірі қа­зақ­тың ауызша болса да, бірден бірге жеткізетіндігін, ұлт санасынан сөнбей­тіндігіне дәлел ретінде айтып отырмын.

– Енді «Ақ жол» газетінің кітап болып басылуына келсек. Ол жалпы қан­ша томды құрады? Оқырман то­лық нұсқасымен қашан таныса алады?

– «Ақ жол» газетінің 1920-1926 жылдар аралығында 613 саны жарық көрген. Қуғын-сүргінге тек адамдар ғана емес, ұлт мүддесін көздеген басылымдар да жиі ұшырағаны мәлім. Кеңес өкіметіне «Ақ жолдың» ұлттық-демократиялық бағыттағы ұстанымы ұнай қойған жоқ. Бірден жауып тастауға батылдығы жет­пегендіктен, 1925 жылдың соңында «Ақ жолды» Шымкентке көшіріп, басқа атау­мен шығаруды жүктеді.

«Шолпан» жарық көрген соң, қолым­дағы Ташкенттен ала келген «Ақ жолды» кітап етіп шығару ойымнан кетпей қойды. Қолымда газеттің 5-6 саны ғана бар, сөйтіп, оны әрі қарай зерттеуге ден қойдым. Бұрынғы астанамыз еді ғой деп Орынборға, сондай-ақ, Омбы, Қызылорда, Мәскеуге сұрау хат жолдадым. Алматының мемлекеттік архивінен бастап, Ұлттық кітапхана, Ғалымдар үйінің кітапханасын, тіптен Кітап палатасына дейін іздендім. Осылайша, газеттің біраз саны табылды. Мамандар өшіріліп кеткен әріптерді ұлғайтып, анықтап көрсететін құрылғылармен жұмыс істеді. Бұл айтатыны жоқ, инемен құдық қазғандай іс екен. Көп уақыт алды. Сөйтіп жүргенде, Мәскеуден сүйінші хабар жетті. «Ақ жол» басылымының 60 пайызға жуық материалдарын сол жақтан алдырдық.

– 2011 жылдан кітап болып шыға бас­таған «Ақ жолдың» алғашқы том­дарының тұсаукесері Алматы, Астана қалаларында өткенінен хабары­мыз бар. Ал осы басылымдарды шы­ғаруға қаражат көзі қайдан алынды?

– Әңгіменің дұрысына көшсек, «Ақ жол» – маған ғана немесе бір облысқа ғана тиесілі емес, бүкіл исі қазаққа ор­тақ қазына. Кітаптың халық үшін, оның ішінде әдебиетпен, тарихпен шұғылданатын жас­тар мен ғалымдар үшін қажет дүние екендігін айтып, қаржылай қолдауын сұрап, Оңтүстік Қазақстан облысының сол кездегі әкімін бірнеше рет құлағдар еттім. Әкім мәдениет бас­қармасына тапсырма бергенімен, ол жақтан қолдау таппадық.

Менің әу бастағы жоспарым бірінші кітапты сатып екіншісін, екіншісінен түскен қаржыға келесі кітаптарды шығару еді. Алайда, «Ақ жолдың» келесі саны қашан шығады деп, алақанын ысқылап отырған оқырманның аз екендігіне көзім жетті. Амалсыз мекемелер мен оқу орындарына абырой-беделімді салып, кітап сатуыма тура келді. Өйткені, келесі томдардың шығуы керек. Соңында демеушілер іздей бастадым. Өстіп жүріп бес жылда он том шығаруға қол жеткіздім. Әрі қарай шығару мүмкін емес еді. Рухани да, материалдық та қол­дау көрмегендіктен, «қоя салсам ба екен» деген ойға да келгем.

– Иә, сонымен қоя салдыңыз ба?

– Айтасың-ау, Ғабит, «бастағанды тастаған» жаның мен емес! Азаптансам да бірқараға жетіп жығылдым.

Өткен жылдың ерте көктемінде «Шол­­­пан» мен «Ақ жолдың» он томын арқалап, қазіргі Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының қабылдауында болдым. Ол кітаптарды мемлекет есебінен шығаруға уәде берді.

Министрдің ұлтжандылығы қапыда кеткен Алаш қайраткерлерінің бейнесін елестетті. Алғашында сеніңкіремей қал­ғаным рас, бас-аяғы үш-төрт айдың ішінде «Шолпан» мен «Ақ жол» «Қаз­ақ­парат» бас­пасынан 22 мың данамен шы­ғып, бүкіл республика көлемінде кітапханалар мен оқу орындарына тегін таратылды.

SAMSUNG CSC

– Архивтен табылған, өз қолы­ңызбен ұстаған орны бөлек, сіз үшін әзірге ең қымбат құжат қайсы?

Сенің сұрағыңа қатысты бір оқиғаның есіме түсіп отырғаны. Осыдан бес-алты жыл бұрын Павлодардан бір аза­мат келді. Аты-жөні – Фархат Вахидов, ұлты татар екен, жасы сексенге таяп қал­ған. «Қызым, менің әкем – Мәулен Байзақов осындағы облыстық партия комитетінде қызмет атқарып жүргенінде «халық жауы» деген жаламен Қылмыстық кодекстің 58-статьясымен атылып кеткен. Мен ол кезде 3-4 жастағы бала едім. Шешем Мунира Вахитова татар ұлтының өкілі болғандықтан, әкем атылған соң, мені алып Қазанға кетеді. Сол жерде құжатымды өзгертіп, Фархат Вахитов, ұлты татар деген құжат алады. Есейген соң: «Неге мені татар деп жаздырдың, мен қазақпын, менің фамилиям Вахитов емес Байзақов», дедім. Сөйтіп, шешемнің қарсылығына қарамай, Павлодарға қашып келдім. Әкем: Мәулен Байзақов –Кеңес өкіметі орнаған жылдары Павлодар губерниясында прокурор қызметін атқарған екен. Мен де сол жерде отбасын құрып, үйлі-балалы болдым. Балалар өсті. Мұнда келген себебім, әкемнің құжаттарын көру. Фамилиямның Байзақов екендігін дәлелдеу. Қазақ болып туылдым, қазақ болып өлгім келеді», – деді.

Музейдің қор сақтау бөліміндегі құжаттарды көтердік. Әкесінің құжаты табылды. Өз қолымен толтырылған анкетада: «Мәулен Байзақов – ұлты қазақ, әйелі Мунира Вахитова – ұлты татар, ұлы Фархат Мәуленұлы Байзақов – ұлты қазақ, қызы Айша Байзақова – ұлты қазақ» деп, тайға таңба басқандай жазылған. Сондай-ақ, Байзақовтың атылған және ақталған жылдары көрсетілген. Біздің ықпалымызбен Фархат ағай көп ұзамай жаңа төлқұжат алды. Қуанышында шек болған жоқ. Көңілді тебірентерлік сол құжат, сол оқиға есімде қалыпты.

– Дүние жүзінде қуғын-сүргіннен, ашаршылықтан қынадай қырылған екі халық болатын болса, соның бірі – қазақ халқы. Жалғыз болса, ол да – қазақ. Сол құрбан болған аталары­мыздың ең­бегі мен ерлігін бүгінде қаншалықты қадірлеп отырмыз?

– Біз тәуелсіздік алмағанымызда бұл тақырыптың тарих қойнауынан тіріліп шығуы екіталай еді. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан-ақ осы мәселеге дендеп көңіл бөліп келеді. 1993 жылы 37-нің қызыл құрбанына ұшыраған ұлт қайраткерлерін жаппай ақтау туралы қаулыға қол қойса, 1997 жылдың «31 мамыр күнін – Жаппай келісім және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні» деп белгілеген жарлығы шықты.

Құрбандар жаппай ақталды, музейлер ашылды, Алашқа қызмет еткен көптеген қайраткерлерге дербес музейлер арналып жатса, шағын аудандар мен мегаполистерде оқу орындарына, көшелерге, мектептерге есімдері берілуде. Бұл тарихқа бей-жай қарамайтындығымыздың белгісі емес пе? Одақтас республикаларда мұндай музейлер атымен жоқ. Тек Украинаның Харьков қаласында ғана бар. Асылдарымызды, ардақтыларымызды ардақтау – ел болып, жұрт болып қолға алатын іс. Алла бұ­йыртса, келесі 2017 жылы «Алаш» партиясының құрылғанына 100 жыл, мемлекет қайраткері Нәзір Төреқұловтың 125 жылдығы мемлекеттік деңгейде аталып өтетіндігі жоспарланып отыр.

– Сіз басқаратын музей қаралы жылдардың шежіресі іспетті. Қуғын-сүргін мен ашаршылықтан халқының жартысына жуығынан айырылған халықтың өміріндегі сіздің музейдің алатын орны туралы айтсаңыз.

– Фактімен сөйлесек, қанаттас жатқан қырғыз елінен 40 адам атылса, Өзбекстаннан 7 адам, ал Тәжікстаннан 1 адам атылған. Қазақстан бойынша 25 мың адам атылып, 107 мың адам Сібірге (Магадан, Колыма, басқа да орыс ормандарына) жер аударылды. Оңтүстік Қазақстанда 2,5 мыңға жуық адам «халық жауы» ретінде атылып, Шымкенттің шеті саналған «Қайтпас», «Албасты сай» аталатын елді мекендердегі бауырластар қорымында жатыр. Ең көп зардап шеккен аймақ ретінде саяси құрбандарға арналған музей осы өңірден салынды. Тәуелсіздіктің 10 жыл толуына орай ашылғандықтан, оның салтанатына Президент Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, лентасын өз қолымен қиды. Биылғы жылдың соңында бұл музейге 15 жыл толады. Соңғы 5-6 жыл көлемінде елімізде «АЛЖИР», «Карлаг» музейлері ашылды.

– Бастапқы тақырыпқа қайта орал­сақ. «Ақ жолдың» қалған кітап­тарымен оқырманды қашан көзайым етпексіздер? Қазіргі таңда қандай іспен айналысып жатырсыздар?

– «Ақ жолдың» 10 томдығы шық­қандығын жоғарыда айттым. Түптеп келгенде, «Ақ жол» жиырма бес томды құрады. 25-томының соңғы нүктесі тамыз айында қойылды. Бұл жөнінде Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұловтың қабылдауында болып, мәлімдедім. Сөзімнің басында айтқанымдай, келесі 10 томдық, яғни 20 томға дейінгі шығуға тиіс кітаптар жақын күндерде Мәдениет және спорт министрлігінде өтетін мемлекеттік сатып алу жөніндегі комиссияда қаралмақ. Ал қалған бес томды облыстың әкімі министрмен келісіп шешетіндігін айтты. Қорыта айтқанда, қолжазба дайын, Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына 25 том тарихи жәдігеріміз әзір!

Біздің музейдің өзге музейлерден бағыт-бағдары мүлде бөлек. Бізде көзбен көріп, іштей түсінетін, қасіретке толы құжаттар мен суреттер, сол кезеңнің көрінісін бейнелейтін кинотаспалар мен жазылып алынған дауыстар, деректі фильмдермен жұмыс істеудеміз. Музейде Кенесарының қылышы болмағанымен, Кенесарының рухы бар. Ұлт рухынан мықты жәдігер жоқ.

– Енді жеке шығармашылығыңыз жөнінде бір сұрақ. Жұрт сізді ақын, прозаға да дендеп енген эссеист ретінде жақсы біледі. Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов, Әзілхан Нұршайықов, Сафуан Шаймерденов туралы жазған эсселеріңіз көптің ықыласына бөленді. Мұрағаттарды ақтарып жүріп, өз шы­ғар­­машылығыңыз тоқырап қалған жоқ па?

– Ал енді өз шығармашылығыма келсем, 1999 жылы 6 томдығым шыққан. «Ақ жолмен» арпалысып жүріп, алпысты да орталап қалыппын. «Әттеген-ай, атбасын бір шалдырып өтетін бұл жаста бір кітап шығара алмайтын болдым-ау» деп өкінгенім бар. Сол кезде бір қызметтесім: «Апай, хатшы қыздың суырмасынан бір дәу қара папкіні көргем, ішінде сіздің соңғы жылдары жазған өлеңдеріңіз бен әңгіме-эсселеріңіз бар сияқты, соны қайта бір електен өткізіп көрсеңіз, бір кітап шығып қалар», – деді.

Сол сөзі қамшы болып, әлгі папкіні ақтарғанда бір емес, екі кітапқа жететін материалдар табылды. Шымкенттегі «Кітап» баспасының өкілімен кі­тап шыққан соң бір айдың ішінде есеп­тесетін болып келісімшарт жасастым. Нәти­жесінде, «Диалог» және «Егіз лебіз» деп аталған қос томдығым шықты. Сұранысқа ие болған кітаптар тез өтіп кетті. Айтқан мерзімде сатылған кітаптың қаржысын баспаға құйдым. Бұл кітаптар тек қана Оңтүстік өңіріне тарады. Жалпы, соңғы кезде мемлекеттік тапсырыспен кітаптарым шықпапты. Баспа жағалап, өтініш жасап жоспарға ендіруге уақыт тапшы. Тәуелсіздік алған жылдардағы кітаптарымның барлығы да өз қаржыммен жарық көрген екен.

– Ендеше, алдағы шығарма­лары­ңыз мемлекеттік тапсырыс ар­­­қылы қалың оқырманыңызға жете берсін. Елдің рухын көтеретін еңбектеріңіз жемісті болсын дегіміз келеді. Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен

Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»