АҚ үйдің баспасөз хатшысы Джен Псаки 7 желтоқсанда АҚШ президенті Джо Байден мен Ресей президенті Владимир Путин арнайы қорғалған видеобайланыс арқылы сөйлесетіні туралы БАҚ-та тараған хабарды растады. Екі ел басшысының әңгімесі Украина төңірегіндегі жағдай күрт ушыққан кезінде болғалы тұр.
Екі президенттің видеоформатта сөйлесетінін бұған дейін Кремль хабарлаған. Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков Байден мен Путин виртуалды саммитте Ауғанстандағы жағдайды, Иранмен атом келіссөзі мәселесін және АҚШ-Ресей қатынастарын талқылайды деген болатын.
Сенбі күні Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков та екі президент мемлекетаралық қатынастарды талқылап, Женевадағы маусым саммитінде жасалған келісімдердің орындалуы туралы сөйлеседі деген еді.
Жұма күні Байденнің өзі "Америка Құрама Штаттары Украина мәселесі сөз болғанда Ресей тарапының қандай да бір "қызыл сызығын" қабылдамайтынын, Кремльдің агрессивті әрекеттерін тоқтатуға бағытталған бірқатар бастамалар қолға алып отырғанын айтқан. Бұған дейін Путин Украинаның НАТО-ға кіру мүмкіндігі мен Украинада НАТО-ның әскери инфрақұрылымының орналастырылуын Ресей "қызыл сызық" деп санайтынын айтқан еді.