01 сәу, 2020 сағат 09:39

Ақ үй: АҚШ-та коронавирустан 250 мыңға дейін адам көз жұмуы мүмкін

АҚШ-та коронавирустан 100 мың - 250 мың аралығында адам көз жұмуы мүмкін. Ақ үйдің сейсенбі күні жариялаған баяндамасында үкімет сарапшылары осындай болжам айтады. Болжамда қоғамдық шараларға тыйым салу, мектеп мен компаниялардың жабылуы сияқты профилактикалық шаралар ескерілген. 

Трамп әкімшілігі осы күнге дейін статистикалық дерек аздығын алға тартып, болжам жасаудан бас тартып келген еді. Мамандар АҚШ-та вирус жұқтырғандар саны елеулі дәрежеде көбейеді деп болжайды. 31 наурызда кешке қарай АҚШ-та науқастар саны 173 мыңға жуықтады. Эпидемия басталған уақыттан бері 3433 адам қайтыс болған. 

"Алдымызда ауыр екі апта бар" деді Трамп. Президент жақын арада індеттің беті қайтатын шығар деп үміт білдірді. 

Дональд Трамп төтенше жағдайды тағы бір айға созды. Вируспен күрес бойынша үйлестіруші Дебора Брикс жұртты оннан астам адамнан артық топ болып жиналмауға шақырды. Ашық қалған мейрамхана, барларға бармауға үндеді. 

Ақпарат құралдарының хабарлауынша, Трамп айналасында америкалықтардың маска тағу қажеттілігі туралы қызу пікірталас болған. Мамандар әзірге сау адамға маска қажет жоқ деп айтады. Алайда ауру белгісі жоқ адамдардың да коронавирус жұқса, басқа адамға вирус тасуы мүмкін дейді.