Фото: ашық дереккөз
ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күнінде әріптестерін құттықтап, журналистиканың қоғамдағы ерекше рөліне тоқталды, деп хабарлайды Ult.kz.
«Журналистердің арқасында біз күнделікті жаңалықтардан хабардар болып, қоғамдық мәселелердің шешімін бірге іздейміз. Қазіргі медианың қызметі – ақпарат ағынынан маңыздысын іріктеп, түйіндісін түсінуге мүмкіндік беру. Бұл – аса жауапты миссия» – деп атап өтті министр.
Аида Балаева Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың журналистиканы мемлекет пен қоғам арасындағы алтын көпір деп сипаттағанын еске салды. Ол Мемлекет басшысының бастамаларын түсіндіруде және насихаттауда журналистердің ерекше рөл атқаратынын айтты.
Министр қоғам БАҚ өкілдерінен әділдік пен адалдықты талап ететінін, бұл қасиеттер қазақстандық журналистерге тән екеніне сенетінін жеткізді. Ол журналистерге шығармашылық табыс тілеп, адалдық пен шындықты әрдайым басты ұстаным етіп алуға шақырды.