23 қаз, 2020 сағат 09:56

Аида Балаева: Қоғамдық кеңестердің рөлі айтарлықтай артады

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева Қазақстанда қоғамдық кеңестердің рөлі едәуір артатынын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ОКҚ алаңында Президент Жолдауын түсіндіру барысында министр бүгінгі күні нормативтік-құқықтық актілердің барлық жобалары қоғамдық кеңестермен міндетті түрде келісуден өтетінін жеткізді. Бұл жұртшылықты мемлекеттік шешімдер қабылдау процесіне тартуға және әзірленетін актілердің сапасын едәуір арттыруға мүмкіндік береді. Аида Балаева қоғамдық кеңестер дамудың жаңа кезеңінен өткеріп жатқанын айтады. Осылайша, министр қоғамдық кеңестер тәуелсіз мониторинг, барлық әлеуметтік маңызды тақырыптар бойынша тыңдаулар өткізетінін атап өтті.

«Мұның барлығы қоғамдық кеңес жұмысының қажеттілігі мен мүмкіндігін ғана емес, бұл жобаның келешегінің зор екендігін де көрсетіп отыр. Сондықтан да қазіргі уақытта бұл институт жаңғырудың жаңа кезеңін бастап өткеруде», - деді Аида Балаева.

Осыған байланысты, министрлік әзірлеген «Қоғамдық кеңестер қызметінің мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы алдын ала үкіметтік емес ұйымдар мен жұртшылықтың кеңінен талқылауынан өтіп, қазір Парламент Мәжілісінің қарауында жатыр. Өзгерістер негізінен кеңестерді қалыптастыру тетіктерін жетілдіруді, қоғамдық кеңес мүшелерінің өкілеттіктерін тоқтатуды, қоғамдық кеңестердің құқықтары мен өкілеттіктерін кеңейтуды көздейді.

«Яғни, қоғамдық кеңестердің құзыретін кеңейту, атап айтқанда кеңестерге нормативті-құқықтық актілерді, жобалар мен өтініштерді қарау туралы шешім қабылдайтын құқық береді. Сондай-ақ жергілікті деңгейде кеңестерге құқық қорғау органдарының басшыларын есебін тыңдау бойынша өкілеттік береді», - деді ол.

Бұдан басқа, мемлекеттік сатып алу бойынша конкурстық комиссияларға қатысу арқылы қоғамдық кеңестердің өкілеттіктері кеңейтілуде.