11 мам, 2025 сағат 13:22

Аида Балаева Аналар күнінде ерекше эстафета бастады

Фото: El.kz

ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева елімізде мамыр айының әр екінші жексенбісінде тойланатын Аналар күнінің ерекшелігін атады, деп хабарлайды Ult.kz.

Министрдің айтуынша, әлемде Аналар күнін атап өту тарихы 100 жылдан асады. Бүгінде мереке әлемнің көптеген елдерінде ресми мәртебеге ие және мемлекеттік деңгейде аталып өтеді.

"Шынында да, әйелдердің қоғамдағы рөлі сан қырлы. Олар отбасына, балаларға қамқорлық жасайды, жаңа ұрпақты тәрбиелейді, елдің қоғамдық өміріне белсене қатысады.
Ұмай ана, Домалақ ана, Рабия Сұлтан Бегім, Айғаным, Зере, Ұлжан және басқа да көптеген қазақтың ұлы аналары – ана махаббаты мен қолдауы ұлы тұлғалардың мінезі мен тағдырын қалыптастыратынының жарқын мысалдары", - деп атап өтті ол.


Аида Балаева бұл күн аналарымызбен өткізген әрбір сәттің қаншалықты қымбат екенін еске салып, оларды құрметтеудің маңыздылығын ұғындырады, дейді. Осы себепті жұртшылыққа #Анағақұрмет хэштегін пайдаланып, пост жазуды ұсынды.

"Халықты кеңінен хабардар ету және аналарға деген сүйіспеншілік пен ризашылықтарыңызды білдіру мақсатында әлеуметтік желілерде #Анағақұрмет хэштегін пайдаланып, пост жазуды ұсынамын.
Эстафетаны ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия мүшелеріне, мәдениет қайраткерлеріне, БАҚ, ҮЕҰ өкілдеріне, қоғам қайраткерлері мен барлық қазақстандықтарға жолдаймын", - деп жазды министр.


Қасым-Жомарт Тоқаев аналар күнімен құттықтап, өз анасы туралы естелігін бөлісті.