01 қаз, 2021 сағат 19:38

Аида Балаева Алматыда қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесті


Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева Алматы қалалық қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кездесу барысында «Қоғамдық кеңестер туралы» заң жобасына енгізілген өзгерістер талқыланды. 

«Жыл басында Мемлекет басшысы аталған заңға қол қойды. Қоғамдық кеңестердің өкілеттігі кеңейді. Осы заң қабылданған уақыттан бері қоғамдық кеңестердің жұмысында айтарлықтай өзгерістер болды. Өздеріңізге мәлім, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Қазақстан халқына Жолдауында азаматтық қоғамды дамыту мәселесіне айрықша тоқталды. Атап айтқанда, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін одан әрі жаңғыртудың маңызды факторы – азаматтық мәдениетті дамыту екенін атады. Диалог пен азаматтық қатысу дәстүрін дамыту, ынтымақтастығымыз бен бірлігімізге негіз болатын озық құндылықтарды дәріптеу - біз үшін маңызды. Әрине, бұл істе бізге тәуелсіз институт ретінде қалыптасқан қоғамдық кеңестердің қолдауы қажет»,- деді минстр. 

Сондай -ақ, Аида Балаева қоғамдық кеңестердің қызметін жетілдіру мен үйлестіру бойынша министрлік тарапынан жүргізіліп жатқан жұмыстарды айтты.

Қоғамдық кеңес мүшелерімен бірге заңға тәуелді актілер әзірленді: Қоғамдық кеңес туралы үлгі ереже, Қоғамдық бақылауды ұйымдастыру мен жүргізу ережесі, Қоғамдық кеңестер құрамы бойынша ұсынымдар. 

Бұл нормативтік актілер түгел мәслихаттарға, әкімдіктерге және тікелей қоғамдық кеңестерге жіберілді. 

Заңнаманың негізгі ережелерін түсіндіру үшін бірқатар әдістемелік оқыту семинарлары өткізілді. 

Квазимемлекеттік сектордың 12 субъектісінде қоғамдық кеңес құрылды. «Самұрық Қазына» қорының қоғамдық кеңесі қазір құрылып жатыр. 

«Бүгінгі таңда Қазақстанда 249 қоғамдық кеңес бар, оның 33-і - республикалық, 216-сы - жергілікті деңгейде. Министрлік «Рухани жаңғыру» әлеуметтік даму институтымен және сарапшылар қауымдастығымен бірге қоғамдық кеңес туралы Ұлттық баяндама әзірлеп жатыр. Кеше ғана, 30 қыркүйекте, аталған жобаның сараптамалық талқылауы өтті. Сонымен қатар, қоғамдық кеңестердің тұрғындармен кері байланыс механизмдерін күшейту үшін «KAZKENES» ақпараттық порталын танымал ету бойынша жұмыс жүргізілуде. Ол арқылы азаматтар еліміздің барлық аймақтарындағы қоғамдық кеңестерге жүгіне алады «, - деді ол. 

Еске салайық, биылғы 3 қаңтарда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық кеңестердің қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.