28 шіл, 2025 сағат 11:45

АИ-терапевт, телемедицина және смарт-бейнежетондар: ҚР ДСМ мен «Қазақтелеком» цифрлық серіктестікке қол қойды

Фото: ҚР ДСМ

Қазақстанда денсаулық сақтау саласын цифрландыру жаңа кезеңге өтті. Денсаулық сақтау министрлігі мен «Қазақтелеком» АҚ стратегиялық әріптестік орнатып, инновациялық медициналық жобаларды кең ауқымда енгізу туралы Меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Ult.kz.

Бұл серіктестік азаматтарға көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімділігі мен қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.

Ынтымақтастық шеңберінде бірқатар озық технологияларды енгізу жоспарланған:

  • Телемедициналық мобильді кешендер – шалғай ауылдарда диагностикалық тексеру мен онлайн-консультация өткізуге мүмкіндік береді. Кешен қандағы глюкоза, қысым, импульс, температура сынды негізгі көрсеткіштерді өлшейтін құралдармен жабдықталады.

  • «АИ-терапевт» жобасы – жасанды интеллект көмегімен бастапқы диагноз қоюда жоғары дәлдік көрсетіп, дәрігерлердің жүктемесін 40%-ға дейін азайтады. Жоба Көкшетауда сынақтан өтіп жатыр.

  • Смарт-бейнежетондар – жедел жәрдем қызметкерлерінің қауіпсіздігін арттырады. Құрылғыда дабыл түймесі мен бейнежазба мүмкіндігі бар.

  • Суық тізбек пен медициналық жабдықты қашықтан бақылау жүйесі – вакциналардың бүлінуіне жол бермей, жабдықтың тұрақты жұмысын қамтамасыз етеді.

Пилоттық жобалар Астана, Алматы, Көкшетау және Қарағанды облысында жүзеге асырылып, тиімділігін дәлелдеген. Енді бұл шешімдер республикалық деңгейде енгізілмек.

Мамандардың айтуынша, бұл бастама медициналық қызмет сапасын арттырып қана қоймай, медицина қызметкерлерінің жұмысын жеңілдетіп, тұрғындардың денсаулығын уақытылы қорғауға мүмкіндік береді.