Ағзаңыздан «омикрон» штамына ұқсас симптомдар байқасаңыз не істеу керек? Бұл сұраққа Нұр-Сұлтан қаласы санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқарамасы басшысының орынбасары Жанна Пралиева жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Омикронның» ерекшелігі бар, өте тез тарайды.
Сондықтан қала тұрғындарына айтатынымыз, өздерін нашар сезінсе, тамақтары ауырса, үйден шығудың қажеті жоқ. Өйткені ауру тез арада тарайды. Демде бір-біріне жұғып кетеді. Масканы қайтадан тағып жүру керек. Өйткені біз қазір көп адамдардың дүкенге кіргенде маскасыз жүргенін байқаймыз. «Омикрон» штамы жас талғамайды. Ересектер де, жас балалар да ауыра береді», -деді маман.
Оның айтуына қарағанда, «омикрон» дельта-штамға қарағанда 70 есе жылдам тарайды.
«Ең бірінші тамақ аурудан басталады. Дене қызуы көтеріледі. Тағы бір ерекшелігі – адам тез арада шаршап, жатып қалады. Егер таңертең оянғанда өзіңізді нашар сезінсеңіз, үйден шығудың қажеті жоқ. Егер сіз науқаспен байланыста болғаныңызды ұқсаңыз, дәрігерге баруыңыз керек. Вирусты таратпау маңызды. Республиканың Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысы бойынша, бес күннің ішінде қалада аурушаңдық өссе, шектеулер қабылданады», - деді Жанна Пралиева.
