Сенаттың жалпы отырысында депутат Ақылбек Күрішбаев ауыл шаруашылығы саласында жиналған деректердің дұрыстығы күмән тудыратынын айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Қағаз жүзіндегі әдемі баяндамалардың ауылдағы жағдаймен сәйкес келмейтінін аңғару қиын емес. Біз жиналған өнімнің анық көлемін, тұқымның шынайы сапасын, зиянкестер мен аурулардың таралу мөлшерін, егін себу мен жинау жұмыстарының дәл мерзімін нақты білмейміз, ал заманауи агротехнологияларды енгізу бойынша кейде дамыған елдерден де асып кетеміз. Мал шаруашылығында жануарлар туралы мәліметтерді тіркеу жұмыстарының негізгі бөлігі әлі де қағаз нұсқада жиналады, кейіннен олар деректер базасына қолмен енгізіледі. Сондықтан адами фактор әсерінен көптеген қателіктер орын алады», - деді депутат Үкімет басшысы Асқар Маминнің атына жолдаған сауалында.
Оның пайымынша, мұндай олқылықтардың бірнеше себебі бар. Біріншіден, ақпарат берушінің деректердің дұрыстығы үшін жауапкершілігі төмен. Екіншіден, жергілікті әкімдердің жұмысын бағалауды статистика деректеріне тәуелді ету – ауылдағы жағдай туралы жалған ақпараттар беруге жол ашады. Үшіншіден, статистикалық мәліметтердің анықтығы мен шынайылығын арттыру бағытында қазіргі заманғы цифрлық технологиялар қажетті деңгейде пайдаланылмай отыр.
«Осындай бұрмаланған ақпараттар «қисық айна» әсерін тудыратынын және мемлекеттік органдардың маңызды шешімдер қабылдауына негіз болатынын мойындау керек. Мұның соңы неге алып келеді? Ең алдымен, мемлекеттік жоспарлаудың дұрыс жасалмауына, қаражаттың дәл бөлінбеуіне әсер етеді. Мұны біз игерілмеген бюджет қаржысының және оларды мақсатсыз пайдаланудың көлемінен жиі байқаймыз. Мал шаруашылығында жануарлар туралы мәліметтерді бұрмалау субсидияларды заңсыз алуға жол ашады. Мемлекеттен қаржылай көмек алудың белгіленген талаптарына сәйкес болуы үшін, ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің кейбірі өтірік-шынды ақпаратты қосып, кейде өтіп кеткен күнмен жануарлар туралы мәліметтерге түзетулер мен өзгерістер енгізеді. Ең оғаштығы, ауылшаруашылық жануарларын есепке алу мемлекеттік жүйесінде осындай олқылықтарға жол беріліп отыр», - деді А. Күрішбаев.
Осы орайда ол қалыптасқан жағдайды түзету үшін тиісті шараларды қабылдауды ұсынды. Егін шаруашылығының жай-күйі туралы объективті деректер алу үшін, цифрландыру мүмкіндіктерін барынша пайдалану керек. Барлық дамыған елдерде жерді қашықтықтан зондтау технологиясын енгізу алдында әрбір өңір үшін қолданылатын аэроғарыштық суреттердің мағынасын ашу әдістемесі әзірленеді. Бұл тұрғыда ауыл шаруашылығының цифрландыру мәселесімен Есеп комитеті мұқият айналысуы керек.
«Мал шаруашылығында адами фактор ықпалын толықтай жоя отырып, жануарларды есепке алу мен ветеринарлық құжаттаманы жүргізудің бүкіл жүйесін цифрлық форматқа көшіру маңызды. Мұндай әзірлеме С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде бар және ол өткен жылы Сенатта таныстырылды. Бұл дамыған елдерде қолданылатын технология. Оны пилоттық режимде жекелеген өңірлерде сынақтан өткізіп, өндіріске тезірек енгізу қажет. Агроөнеркәсіптік кешенде цифрлық технологияларды пайдалану ауыл шаруашылығының жағдайы туралы деректердің нақтылығын арттырып қана қоймай, мыңдаған әкімдік қызметкерлерін оларға тән емес әртүрлі мәліметтер мен ақпараттарды жинау жұмысынан босатып, ал еліміздегі ветеринар мамандарды қағазбастылықтан арылтып, олардың барлығына өзінің негізгі жұмысымен айналасуға мүмкіндік береді», - деді сенатор.