Атом электр станциясын салып-салмау мәселесінде қазақстандықтардың пікірі ескеріледі, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Қазақстандықтардың пікірі ескеріледі. Орынға қатысты айтар болсам, біз түрлі алаңдарды зерделедік. Ауданның сейсмикалық жағдайы, судың қолжетімділігі және тағы басқалары қаралды. Былайша айтқанда, қысқа тізім жасалып, Шығыс Қазақстандағы Курчатов алаңы мен Алматы облысындағы Үлкен ауылы іріктелді", - деді энергетика министрінің орынбасары Мағзұм Мырзағалиев сенат кулуарында.
Вице-министр АЭС салу мәселесі бірнеше жылдан бері талқыланып жатқанын атап өтті. Бірақ шешім әлі күнге дейін қабылданған жоқ.
"Жақын арада шешім қабылданады деп айта алмаймын. Бізде әзірге электр энергиясы жетіп артылады", - деді ол.
Станцияның қуаттылығы, мерзімі, нақты орны әлі белгіленбегендіктен, құрылысқа қанша қаражат жұмсалатыны туралы айту ерте дейді Мырзағалиев.
Бұған дейін Мырзағалиев егер Қазақстан атом электр станциясын салатын болса, онда оған Алматы облысының Үлкен ауылынан жер бөлінетінін айтқан еді.
Еске сала кетсек, кеше Мәскеуде екі ел президенттерінің кездесуінде Владимир Путин Ресей Қазақстанда атом электр станциясын салуды ұсынатынын мәлімдеген болатын.