11 сәу, 2018 сағат 09:09

"Әдөн" лақап атымен белгілі қылмыстық топ мүшесі ұсталды

Кеше, 10 сәуірде Қызылорда облыстық ІІД ұйымдасқан қылмыстық топқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Алматы облысында Қызылорда қаласының тұрғыны Әділет Серікбаевты ұстады. Полиция мәліметі бойынша, ол - "Әдөн" лақап атымен белгілі ұйымдасқан қылмыстық топ мүшесі. Бұл туралы ІІМ ресми өкілі Алмас Сәдубаев брифинг барысында айтты, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі. 

Сондай-ақ, Сәдубаев басқа да облыстарда болған қылмыстар бойынша есеп берді.

"Оңтүстік Қазақстан облысы ІІД криминалдық полиция қызметкерлері бір тәулік ішінде 9 сәуірде Сарыағаш қаласында кісі өлтірді деп күдікке ілінген адамды ұстады. Ол кінәсін мойындады", - деді Алмас Сәдубаев. 

Мұнымен қатар, брифинг барысында елордалық полицейлер гүл сататын дүкендерге аз уақыт ішінде бірнеше рет қарақшылық шабуыл жасаған жергілікті күдікті ұсталып, уақытша қамау изоляторына қамалғаны да айтылды. 

Алматы қаласында да қарақшылық шабуыл жасаған Алматы облысының екі тұрғыны күдікке ілініп, Талдықорған қаласында ұсталған.