26 қар, 2022 сағат 11:48

Әділетті Қазақстанда еңбек адамына ерекше құрмет көрсетілуге тиіс - Тоқаев


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты ұлықтау рәсімінде елімізде еңбек адамына ерекше құрмет көрсетілуі қажет екенін айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Әділетті Қазақстанда еңбек адамына ерекше құрмет көрсетілуге тиіс. Әсіресе, ұстаз, дәрігер, тәртіп сақшысы, құтқарушы, жұмысшы, шаруа сияқты мамандардың мәртебесін одан әрі арттыра түсуіміз қажет. Олар еліміздегі ең сыйлы азаматтарға айналуы керек.

Осы кәсіп иелері тиісті құрмет пен сыйға ие болғанда ғана, қоғамымыз шынымен жаңарды деп айта аламыз», - деді Президент.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев нағыз қаһармандардың жұрт назарынан тыс жерде жүргенін атап өтті.

«Көпшілік қазіргі уақытта нағыз батырлардың жетіспейтінін айтады. Бірақ нағыз қаһармандар жұрттың назарынан тыс жерде. Олар біздің арамызда. Батырлар күн сайын зауыт станогында жұмыс істейді, қоғамдық көлік жүргізеді, ұшақ штурвалына отырады, құтқарушының қорғаныс киімін киеді, науқасқа жедел жәрдем беруге асығады, әскери техниканы меңгереді.

Нағыз батырлар балаларымыз бен қарт ата-аналарымыздың дастарханы ас-ауқат толы болуы үшін ауылда таңмен таласа оянады. Біздің батырлар – өзінің жеке кәсібін бастайтын, жұмыс орындарын ашатын, қызметкерлері мен олардың отбасыларына жаңа мүмкіндіктер тудыратын кәсіпкерлер.

Біздің батырлар – өзінің махаббаты мен күш-қуатын, тәжірибесі мен білімін, мүлкі мен қаражатын қоғамға риясыз ұсынатын еріктілер мен игі іс жасайтындар. Олардың барлығы – халықтың мақтанышы әрі үміті. Міне, осындай еңбек адамдары – еліміз бен мемлекетіміздің тірегі» - деді Мемлекет басшысы.