Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармонияның әртістері Астана мен Домбыра күндеріне арнап музыкалық клип шығарды, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz сайты.
Құрманғазының атақты күйін домбырамен Павлодар музыкалық колледжінің мұғалімі Салтанат Өтемісова және облыстық филармонияның қазақ ұлттық аспаптары оркестрінің әртісі Мейірман Байбосынов орындады.
Оларды Қазақстанда электровиолончельде ойнай алатын жалғыз музыкант – облыстық филармонияның симфониялық оркестрінің әртісі Ксения Делиахметоғлу өзінің баламасы жоқ аспабымен сүйемелдеді.
- Бұл клипте «Адайдың» дәстүрлі үніне электровиолончель араласып, күйге ерекше әуез беріп тұр, - дейді облыстық филармония директорының орынбасары Ләтипа Құрақбаева. – Оның мағынасы – қазақтың ұлттық әуездерін кез келген музыкалық аспап арқылы ең жоғары деңгейде орындауға болатынын дәлелдеу. Оған қоса клипті көрсеңіз, онда домбыра мен электровиолончель, кім мықты дегендей, бір-бірімен жарыса ойнайды.
Бейнебаян «Ертіс Медиа» ЖШС техникалық қолдауымен Павлодардағы 17-қабаттық тұрғын үйдің шатырында түсірілген. Бейнеклипте сондай-ақ, Павлодар мен Баянауылдың сұлу жерлері көрсетілген.