17 қар, 2023 сағат 23:48

Адамның әлеуметтік желіге жұмсайтын уақыты бір сағаттан аспауы керек - Мусин

Фото: видеодан алынған кадр

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Jibek Joly арнасына берген сұхбатында қазақстандықтарға әлеуметтік желіде бір сағаттан артық отырмауға кеңес берді, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

«Мен өзімді қатаң бақылауда ұстаймын. Өйткені интернетте көп уақыт өткізу – сенің шынайы өміріңдегі уақытты жеп қояды. Сондықтан адамдарға жұмыста да, үйде де интернет қолдануды үйрету керек. Жалпы гигиена болуы керек. Қазір жұмысында отырып әлеуметтік желіге уақытын құртатын адамдар көп», - деді министр.

Ведомство басшысы Jibek Joly эфирін пайдаланып, қазақстандықтарға қайырылды.

«Эфирді пайдаланып баршаға өз пікірімді айта кетейін. Менің пікірім – адамның әлеуметтік желіге жұмсайтын уақыты бір сағаттан аспауы керек. Бір күнде 24 сағат болса, оның 8 сағаты жұмыста өтеді. Өзіңе арнайтын қалған бос 4 сағаттың бәрін интернетке құртпау керек. Жұмысқа байланысты болса да, жұмысқа қатысы болмаса да, күніне бір сағаттан артық әлеуметтік желіде отыру ешқандай пайда бермейді», - деді Бағдат Мусин.