13 қаз, 2021 сағат 16:41

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл мемлекеттік органдарға есеп бермейді


Адам құқықтары жөніндегі уәкіл тәуелсіз болады және қандай да бір мемлекеттік органдар мен лауазым иелеріне есеп бермейді. Бұл туралы Мәжілісте депутат Ирина Унжакова мәлім етті,деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгін Мәжілісте «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» заң жобасын ілеспе түзетулерімен таныстыру кезінде Уәкілдің мәртебесі қаралды. 

«Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қызметін қандай да бір жолмен шектеуге тыйым салынады. Ол тәуелсіз болады және қандай да бір мемлекеттік органдарға және лауазым иелеріне есеп бермейді», - деді И. Унжакова заң жобасын таныстыру кезінде. 

Бұдан бұрын хабарланғандай, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің мәртебесін көтеретін қадамдар іске асырылады. 

«Заң жобасында дербес құқықтылыққа ие болу сияқты қосымша бар. Бұл өз кезегінде осы қызмет үшін маңызды. Яғни Уәкіл тұтқындалмайды, қамауға алынбайды, қылмыстық әрі әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды, сондай-ақ тінту мен жеке тексерумен қамтылмайды», - деді депутат.