17 қыр, 2025 сағат 15:21

«Адам киім ілгіш емес» - Стилистпен сұхбат

Фото: Назира Бурханованың жеке мұрағатынан

Киім адамға суықтан, күн мен желден қорғанатын қажеттілік деңгейінен тереңдеп кеткелі қашан. Бүгінде сән саласының майталмандары әр адамның тұлғалық ерекшелігіне қарай киім үлгісін анықтап, болмысын ашатын стиль қалыптастырады. Сондай маманның бірі Назира Бурханова. Ult.kz тілшісі стилиспен сәнді киінудің маңызы мен адамға берері туралы әңгімелескен еді.

Стилист киім адамның болмысын ашатын және сыртқы ортаға өзі туралы ақпарат беретін коммуникация құралы деп есептейді.

«Қазақта «адам көркі шүберек» деп бекер айтпайды. Одан бөлек, Карл Юнгтың (психоанализдің негізін қалаушылардың бірі, - ред.) теориясы бойынша адам коммуникация құрмастан бұрын, бейсанасында бірінші өзгенің сыртқы келбетіне көзі түседі. Яғни адамның киімі ол туралы ақпарат беретін бірінші сигнал. Біз әрине «формадан мазмұн маңызды» деп айтамыз. Бірақ, қанша дегенмен адам көзбен қабылдайды, сондықтан форма да маңызды. Адам киім ілгіш емес қой», дейді сұхбаттасымыз.


Назира Бурханованың айтуынша киімді дұрыс таңдап кию үшін дене пішіміңіз, теріңіздің түсі, тіпті қандай архетипке жататыныңыз да маңызды.

«Теория бойынша адамның дене пішімі бес түрге бөлінеді. Қандай киім қандай дене пішімге сәйкес келетіні туралы да стилистикада ереже бар. Бірақ кейде сол заңдылықтардан бөлек, адамның түс типіне қарай да киімді үйлестіре білу қажет. Түс типтері екіге бөлінеді, олар суық және жылы. Кейде дене пішіміне сәйкес келетін киім түс типіне үйлеспей қалуы мүмкін. Бұдан бөлек, адамның бет пішімі де маңызды роль ойнайды. Тіпті бір анадан туған егіздердің өзі екі түрлі болады. Сондықтан стилистика қатып қалған теория ғана емес, шығармашылық еркіндік», дейді маман.


Жер бетінде қанша адам болса, сонша стиль бар

Стилисттің сөзінше әр адамның жеке стилі болады, бір адамға жарасқан нәрсе келесі адамға жараспауы мүмкін. Сондықтан стиль даралану деген сөз.

«Стилистика біреуді көшіру немесе «мынау қазір трендте» деген емес, әр адамның өзіндік болмысын айқындау. Негізі әр адам өзіне не жарасатынын интуитивті түрде біледі. Бірақ сыртқы әлеуметтік шудың әсерінен, өзгелердің түрлі пікірінен өздерінің интуициясына құлақ аспайды деп ойлаймын. Бірақ әр күн сайын ақырындап өзіне қадам жасаған, өз қалауын тыңдай алған адам ешкімге еліктемей, өз стилін қалыптастыра алады. Және өз стилін қалыптастыра алған адамның өзін қабылдауы да, өзгелер оны қабылдауы да жеңіл болады.
Өкінішке қарай бізде адамдар біреуді қайталағысы келеді. Мысалы Ким Кардашьян (америкалық медия жұлдыз, ред.) сияқты бөксесін өсіргісі келеді, денесінің басқа тұстарын өсіргісі келеді. Бірақ ол қанша еліктегенімен Ким Кардашьян болып кетпейді. Кейде адамдар өзінде өзі бар екенін және өзінің болмысын зерттеуі керек екенін, өзінің болмысы арқылы жеке стиль қалыптастыруға болатынын ескермей жатады», дейді Н. Бурханова.


Сұхбаттасымыз стиль қалыптастыру кезең-кезеңімен жүретінін айтады. Оның сөзінше адам дене пішімінің типін зерттеуден бастайды. Келесі деңгей қай түстер жарасатынын, түс типін анықтайды. Одан кейін қандай архетипке жататынын зерттейді де, сосын ол қалай көрінетінін біледі. 

«Солай-солай ол өзін зерттеу арқылы дамыса, тіпті интерьерін де өзінің түс типіне қарай таңдаса, ол адам ішкі гармонияға қол жеткізеді. Оның ішкі әлемі де, сыртқы әлемі де үйлесімде болады. Себебі бізді сыртқы ортада ештеңе тітіркендірмеуі керек», деп отыр ол.


Неге дүкенде жарасқан киім үйге келгенде жараспай қалады?


Фото: Назира Бурханованың жеке мұрағатынан

Назира Бурханова дүкендердің киімді сату үшін жасайтын «қулықтарын» айтып берді.

«Неге дүкендерде тып-тыныш болып тұрмайды? Әдетте ондай жерлерде адамның көңіл күйін көтеретін, сатып алуға итермелейтін әдемі романтикалық немесе билейтін музыка қосылып тұрады. Ол да клиенттің көңіл күйін көтеріп, сатып алуға итермелейтін құрал. Одан бөлек, дүкендерде жарықтандыруға да қатты мән береді, себебі киім сатып алушының үстінде анық, әдемі көрінуі керек. Байқасаңыз көп дүкендерде адамды визуалды арықтатып көрсететін айна қойылады. Ал үйге келгенде айна да, жарық та кәдімгі үйдегі қарапайым күнделікті көріп жүргеніңіз. Күңгіртте киім ұнамай қалуы мүмкін.
Одан бөлек адамның өзін қабылдауы да бар ғой. Кей адамдарға көзі ұнамайды, кей адамдарға дене пішімі ұнамайды. Адам қаншалықты өзін қабылдамай тұрады, соншалықты үстіндегі киімді де қабылдай алмайды.
Сатып алған заттың дүкенде әдемі көрініп, үйге келгенде ұнамай қалуы импульсивті сатып алу кезінде болады. Ол шоппингті терапия көретіндер үшін немесе «мен сатып ала алмайды дей ме, сатып ала аламын» деп, біреуге бірдеңе дәлелдеу үшін немесе гештальтты жабу үшін және тағы басқа себептерден болады. Көп жағдайда киім сөресінде шаң басып тұратын киімдер импульсивті алынған киімдер. Сондықтан дүкенде «маған бұл керек пе, мен қазір эмоцияға беріліп сауда жасап тұрған жоқпын ба» деп ойланған жөн», дейді маман.


Әйелдік болмысыңды айшықтайтын киім қандай?

Әйелдік болмысыңды айшықтау үшін әдемі көйлек кию міндетті емес деп есептейді стилист Назира Бурханова.

«Қоғамда әйелдік нәзіктігіңді көрсету үшін әдемі көйлек кию керек, бантик тағып, шілтер матадан киімдер кию қажет дейтін стереотип бар. Бірақ бұл барлық әйелге жарай бермейді. Романтик, натурал типіндегі әйелдерге бұлай киіну жақсы жарасқанымен, әсіресе гамин деген типаждағы адамдарға тіпті қарсы бұл стиль. Өйткені олар бұлай киінсе оқушыға ұқсап қалады. Танымал актриса Мэрил Стрипті білесіздер ғой? Оның типажы бойынша образы драматик. Драматиктерге мұндай образ мүлдем жараспайды. Мэрил Стрипке біреу «осылай киінсең әйелдік нәзіктігіңді айшықтайсың, ақ, шілтер көйлек ки, жылтырақ біз өкше туфли ки» деп айтқан сияқты», деп ститлист Мэрил Стриптің нәзік, шілтер көйлек киген фотосын көрсетті.



Фотода: Мэрил Стрип/Назира Бурханованың ұсынуымен
«Кей біреулер «қыздар, женственная көріну үшін әдемі көйлек киіңдер» деп айтып жатқанда күлкім келеді. Себебі әйелдік болмыс адамның ішкі әлеміндегі дүние, өзімен ішкі жұмыс. Оған киімнің де, опа-далаптың да қатысы жоқ. Әйел жаратылысының барлығында «женственность» бар, бірақ ол әркімде әр түрлі көрінеді.
Мэрил Стрипке келер болсақ, оған қандай образ жарасатынын келесі фотодан көруге болады», деді сұхбаттасымыз.



Фотода: Мэрил Стрип/Назира Бурханованың ұсынуымен

Өз типажыңды анықтау стиліңді айқындау

«Драматиктердің натурасында салқындық, қаттылық бар. «Дьвол носить прадаға» (Мэрил Стрип басты рөлді сомдаған фильм, ред.) бейби фейс қыз немесе романтик типажындағы әйелді алмас еді. Өйткені, олардың типажында драмтиктегі сияқты суықтық бірінші орынға шықпайды. Драмиктерде бет-әлпетінің қырлары айқын болуы қаталдық береді», дейді стилист.


Назира Бурханованың айтуынша типаж бойынша киім таңдаудың үлкен плюсы бар. Ол әркімнің өз табиғи әдемілігін анықтап, гармония мен үйлесімде киіне алу.

«Типаждың атасы саналатын Дэвид Кибби негізгі мамандығы журналист, жазушы, стилист, 1987 жылы «Метаморфоза» деген кітап шығарды. Сонда ол 13 негізгі типаж бар деп көрсетеді. Кибби бойынша типаж анықтаудың ерекшелігі адамдағы 2 энергия: ер (ян) тік сызықтар және әйелдік болмыс (инь) бетінде жұмсақтық бар, қырлары дөңгелек, сызықтары жатық болуы. Маңыздысы осы екеуінің балансын көрсетуде деп айтар едім. Өйткені, ол әрбір адамның өзінің табиғи ерекшеліктерін нақты көрсетіп суреттейді. Ең қызығы, оның суреттеуі бойынша әрбір типаждың өз орны бар. Бір байқағаным, стилстердің көбі Киббидің типажына сүйенеді.
Кибби теориясы маған адамның бойындағы көлеңкелі (темная сторона) жарық бөлігінің балансын көрсете алатындығымен ұнайды. Менің ойымша, киім кигенде тек бір заңдылыққа сүйеніп қоймай, өмірдегі ақ пен қара сияқты өзінің екінші жағын да көрсете алуы нағыз «болмысты айқын ашу». Ол деген сөз бастан аяқ нәзік болып көріну емес, сонымен қатар, өр мінезді де көрсету. Баланс», дейді ол.


Сұхбаттасқан: Балжан Жеңісқызы